24 қазан күні Шымкент қаласында алғашқы екі жайлы мектептің техникалық ашылуы өтті. “Нұршуақ” шағынауданындағы 2000 орындық жаңа білім беру мекемесіне 1130 оқушы қабылданды. Ал, “Қарабастау” тұрғын алабындағы 1200 орындық мектепте 950 бала білім алып жатыр. Айта кетейік, жайлы мектептердегі сабақ оқу жылының екінші тоқсанынан басталды.
Заманауи мектептерде бастауыш және жоғарғы сынып оқушыларына арналған бөлек блоктар қарастырылып, олардың дамуы мен оқуына қолайлы жағдай жасалған. Бұдан бөлек, ерекше қажеттілігі бар балалар үшін кедергісіз орта ұйымдастырылып, заманауи пәндік кабинеттер, STEM-зертханалары және робототехника сыныптарымен жабдықталған.
Сонымен қатар, қауіпсіздік шараларына ерекше көңіл бөлініп, цифрлық бейнекамералар мен турникеттер орнатылған. Білім беру мекемесінде хореография залы, төрт спорт залы, демалыс аймақтары, воркаут және нетворкинг аймақтары да бар. Мұнда балалар өзара еркін араласып, қызығушылықтарын дамыта алады.
Жалпы, Шымкентте ұлттық жоба аясында 18 қолайлы мектеп ашу жоспарланған. Еске салайық, Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде апатты және үш ауысымды мектеп пен орын тапшылығы мәселесін шешуге бағытталған “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр.
Жалпы Шымкент қаласында 2025 жылға дейін 28 000 орындық 18 мектептің құрылысын салу жоспарланған. 2023 жылы 17 300 орындық 12 мектептің құрылысы басталып, ағымдағы жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. Ал қалған 10 700 орындық 6 мектептің құрылысы 2025 жылы аяқталмақ.
Техникалық жарақтандыру үлесі қарапайым мектептермен салыстырғанда 4 есеге артады. Ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін инклюзивті орта (пандус, кең есіктер, бөлек дәретхана, лифт), озық қауіпсіздік әрі бақылау-өткізу жүйелері қарастырылған. Ал әр мектептің ауласында стандарттарға сай келетін стадион, универсалды спорттық және балалар алаңқайы болады.
Демографиялық өсімді ескерген қала билігі 2028 жылға дейін 63 мектеп салу жоспарланғанын мәлімдеді. Жалпы 50 мың орынға лайықталған заманауи оқу ордалары шалғай шағын аудандардан бой көтеретін болады.