Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ұйымдастыруымен мектеп оқушылары арасында «Егемендігім – елдігім» атты республикалық «Қола домбыра-2024» жас ақындар айтысы өтті.
Алғаш рет ұйымдастырылған дүбірлі додаға республика бойынша 22 ақын қатысып, бақ сынасты. Суырып-салма өнерді қолдау үшін Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы Аманжол Әлтаев арнайы ат басын бұрып, жас өрендерге сәттілік тіледі. Ал ұйымдастырушы, айтыскер ақын, ЕҰУ филология факультетінің деканы Серікзат Дүйсенғазы шараның басты мақсаты егемен еліміз жеткен жетістіктерді насихаттау, мектеп қабырғасындағы жас ақындардың ішкі мүмкіндігін ашып, шабытына қанат бітіру, айтыскерлер арасынан жаңа есімдер тауып, дарынды жастарды қолдау екенін айтты.
Орақ тілді, от ауызды кіл жүйріктердің бағасын беруге ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, қазылар алқасының төрағасы Ринат Зайытов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан, «Еl umiti» қоры медиа-бастамаларды жүзеге асыру орталығының басшысы Азамат Оңайбаев, «Жастар рухы» ЖҚ басшысы Ақерке Ескендірова және айтыскер ақын, «Алтын домбыра» иегері Еркебұлан Қайназаров, айтыскер ақын Иран-Ғайып Күзембаев пен Өміржан Көпбосын төрелік жасап, шын жүйрікті анықтап берді.
Шымкенттегі №137 мектептің 6 сынып оқушысы Әли Ислам бас жүлдегер, «Қола домбыра» иегері атанды. Ол 2022 жылдан бері Қаратау дәстүрлі өнер мектебінде Айтыс сыныбында сабақ алады. Барлық қатысушыларға алғыс хаттар мен қаржылай сыйақылар табыс етіліп, жас ақындардың тәлімгер-ұстаздарына ҚР Оқу-ағарту министрінің алғыс хаты берілді. «Қола домбыра» оқушылар айтысының жыл сайынғы жеңімпазына Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің білім гранты беріледі.