Жастар бойында отаншылдық сезімді қалыптастыру және оларға әскери-патриоттық тәрбие беру – қай уақытта да мемлекетіміз үшін маңызды басымдықтардың бірі.
Шымкенттегі ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 6506 әскери бөліміне Ақтөбе және Қонаев қалаларынан 80-ге жуық жас сарбаздар келді.
Еліміздің қалған өңірлерінен сарбаздардың келуі ағымдағы аптада күтілуде. Жалпы, осы шақырылым аясында бригада 400-ге жуық сарбазды қабылдайды.
Бөлімге келген әскери қызметшілер бір ай ішінде әскери қызметшінің бастапқы дағдыларын меңгеретін, лауазымдық міндеттерін зерделейтін оқу пунктіне бөлінеді. Әскерге шақырылушылармен атыс, саптық дайындық, қызметтік-жауынгерлік қолдану тактикасы бойынша сабақтар өткізілетін болады.
Патриоттық тәрбиенiң барлық жүйесiн ұйымдастырып, оның жұмыс iстеуiн және бақылауды қамтамасыз ететiн негiзгi институт мемлекет болып саналады. Жастарды патриотизмге тәрбиелеу Қазақстан Республикасының ұзақ мерзімді перспективалы мемлекеттік жастар саясаты бағыттарының бірі болып табылады.
Президент ҚасымЖомарт Тоқаев: «Еліміздің әрбір азаматы жұртшылықтың алдына шыққанда ұлттық мүдде мен қазақстандық патриотизм қағидаттарын басшылыққа алуы керек», деген болатын.
Патриотизм – Отанға, туған жерге, өзінің мəдени ортасына деген сүйіспеншілік. Адамның бойындағы күш-қуаты мен білімін Отан игілігі мен мүддесіне жұмсау, туған жерін, ана тілін, елдің əдет-ғұрпы мен дәстүрін құрмет тұту сияқты патриоттық құндылықтар тал бесіктен бойымызға сіңе бастайды.
«Жас сарбаздардың келуіне барлық жағдай жасалып, жиын әкімшілігі құрылды. Оның құрамына тәжірибелі офицерлер мен сержанттар кірді, олар сарбаздарды әскери істің негіздеріне үйретіп қана қоймай, олар үшін жаңа жағдайларға бейімделуге көмектеседі», – деп атап өтті оқу пунктінің бастығы полковник Бағитжан Баламбаев.
Оқу пункті аяқталғаннан кейін әскери қызметшілер салтанатты түрде Отанды қорғауға ант береді.
Айта кетейік, 6506 әскери бөлімі Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының ірі бөлімшелерінің бірі болып табылады және Шымкент пен Түркістан қалаларында қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша міндеттерді орындайды.