Шымкент қалалық клиникалық балалар ауруханасында отоларингология бөлімшесі ашылды. Енді құлақ мұрын ауруларын емдеуде жергілікті ақ халаттылар бұрынғыдай науқастарды Астана мен Алматы қаласына жібермей-ақ өздері сауықтыра алады.
Бөлімше 20 орынға лайықталған. Дәрігерлер құлақ, тамақ, мұрында кездесетін ауру түрлеріне диагностикалық тексерулер жасап, толық емдеу жұмыстарын жүргізеді. Операцияны да осы жерде жасай береді.
Соңғы 1 айда пациенттердің 90%-на ота жасалған.
“Көптеген ота түрін жасаймыз. Атап айтқанда, септопластика, вазотомия, конхотомия, мұрын қабыршықтарының оталары, мұрын сүйектерінің репозициясы, ринопластика, эндоскопиялық оталар, құлақ ауруларының оталары, тонзиллэктомия, аденоэктомия,эндоскопиялық, дакриоцисториностомия, увулопалатофарингопластика (қорылдауды кетіретін ) және де өзге күрделі ота түрлерін жасаймыз”,-дейді қалалық клиникалық балалар ауруханасының лор дәрігері Ерубай Мақсат.
Айта кетейік, құлақ мұрын ауруларына дер кезінде диагноз қойып, оны емдеуде ауруханада қажетті жабдықтардың барлығы орнатылған.
Бөлімшеде дәрігерлер шұғыл және жоспарлы түрде емделетін науқастарды қабылдайды.
Балалар ауруханасы 315 төсек-орынға лайықталған. Мұнда 20 профилді бөлімше болса, оның 8-і хирругиялық бағытта қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, аурухана құрамында күндізгі стационар, сәулелі диагностикалық орталық пен жарақат бекеті бар.
Мемлекет басшысы биылғы жылы балалар жылы деп жариялады. Осы бастаманы қолдай отырып, қалалық балалар клиникалық ауруханасында балалар денсаулығын жақсарту үшін оң өзгерістер орын алуда.
-Қаламыздағы медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын жаңғырту, балалардың денсаулығын жақсарту басты міндетіміздің бірі болып табылады. Қаламыздың денсаулық сақтау саласы қарқынды дамып келеді. Сондай-ақ қаламызда жеке ауруханалар мен амбулаторлық орталықтар жылдан жылға артуда,- деді қала басшысы Мұрат Әйтенов.
Аурухана ішінде хирургиялық қызметті дамыту мақсатында жаңа профильдер ашылды. Атап айтқанда — нейрохирургиялық, күйік, урологиялық, торакальды хирургия, нейрохирургиялық медициналық оңалту бөлімшелерінің қызметтері жолға қойылды. Неонатальды хирургиялық көмек көрсету түрі ұлғайып, жаңа туылған балаларға медициналық көмек тек қалалық балалар ауруханасында көрсетіле бастады. Нейрохирургиялық оталарды жандандыру мақсатында соңғы үлгідегі заманауи аппараттар орнатылды. Алдағы уақыттарда ауруханада жақсы өзгерістер күтілуде. Айта кететін жайт аурухана қызметкерлері қаламыздың спорт, тазалық және т.б. салалары бойынша түрлі сайыстар өткізіп отырады.