Шымкентте 110 кВ кабельдік желімен жабдықталған 36 МВт қосалқы станция іске қосылды. Іске қосу салтанатына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты, деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған R-FACTOR.KZ.
Мегаполис басшысы бұл жобаның энергия тапшылығын болдырмауда маңызы зор екенін атап өтті.
«Шымкент — қарқынды дамып келе жатқан мегаполис, инвесторлар есебінен салынған қосалқы станция салынып жатқан жаңа тұрғын үйлерді және коммерциялық нысандарды тұрақты және сапалы электрмен қамтамасыз етеді. Станцияны қосу халық саны өсіп келе жатқан қаланың энергетикалық қажеттілігін қамтамасыз етудегі басты қадам болмақ», — деді Ғ.Сыздықбеков.
Айта кетейік, бірінші кезеңде 5 221 абонент электр энергиясымен қамтамасыз етіледі, оның ішінде 5 057 жеке және 164 заңды тұлға. Алдағы уақытта қосалқы станция 7500-ден астам абонентті қосып, тұрғындар мен бизнестің сұранысын қамтитын болады.
Станция стратегиялық және экологиялық қауіпсіздіктің барлық заманауи талаптарына жауап береді. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін озық технологиялар мен жабдықтар пайдаланылды.
Сонымен қатар, Жұлдыз тұрғын алабындағы көпқабатты 27 үйді (175 пәтер) кәріз жүйесімен қамту жұмыстары аяқталды. Ал Базарқақпа тұрғын алабындағы Достық көшесіндегі 270 абонентті кәріз жүйесіне қосу үшін жобалау-сметалық құжаттар дайындалуда. Ауданның жалпы ұзындығы 732,91 шақырымды құрайтын 728 көшесі бар. Жолдардың 73,1 пайызы асфальтталған, 21,6 пайызы тас жолдар, және 5,3 пайызы топырақ жолдар болып табылады.
Сондай-ақ, ауданда бүгінгі таңда 117 көше жарықтандырылған. 2023 жылы 28 көше жарықтандырылды, ал 2024 жылға жоспарланған 244 көшенің 129-ында жарықшамдар орнатылып, іске қосылды. Қалған 115 көшеде жұмыстар жалғасуда.