Үшінші мегаполисте қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш гроссмейстер Гүлісхан Нахбаеваның кубогі үшін кубогы үшін студенттер арасында турнир өтіп жатыр, деп хабарлайды R-FACTOR.KZ ақпарат агенттігі.
Оған Шымкенттегі 12 колледжден 41 студент қатысуда. Іс-шараға қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, қалалық білім басқармасының басшысы Нұргүл Шәмшиева және оқу орындарының басшылары қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Аталмыш турнир FIDE ережесіне сәйкес өтуде. 7 турдан тұратын турнирде шахматшыларға әр турға 15 минут уақыт беріледі. Шахмат турнирі екі күнге жалғасады. Айта кетейік, Гүлісхан Сайфуллинқызы Нахбаева – 1991 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. 2012 жылы Қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш гроссмейстер атанды. Қазақстанның алты дүркін чемпионы. 16-18 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында Азияның екі дүркін жеңімпазы. 20 жасқа дейінгілер арасында Азияның күміс жүлдегері. Әйелдер арасында Азия чемпионатының күміс жүлдегері. Сондай-ақ, 2013 жылы Ерлер арасында халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанған тұңғыш қазақ қызы.
Айта кететін, Шымкент қаласында спорт нысандарының құрылысынан бөлек, спорт түрлерінен дүбірлі додалар да ұйымдастырылып тұрады. Мәселен, арыға бармай-ақ, 2024 жылдың басында шахматтан өткізілген Қазақстан чемпионатын атап өтейік. Сонымен бірге, бір ғана Шымкент қаласынан Жансая Әбдімәлік, Дәулетова Гүлмира, Нақбаева Гүлісхан сынды бірнеше халықаралық гроссмейстер, Әбілқайыр Әбілмансұр, Айнақұл Мұхтар есімді жап-жас әлем жеңімпаздары шыққанын еске түсірмеске болмайды. Демек, мемлекет басшысының шахматты дамыту жөніндегі тапсырмасы Шымкент қаласында жоғары дәрежеде орындалып жатыр деген сөз. Айта кетсек, он күн бойы өткізілген бұл чемпионатта түрлі жас ерекшеліктері бойынша іріктелген алты жүзден аса спортшы білім-біліктерін сайыстырып, ой додасын қыздырды.