• Вс. Ноя 24th, 2024
Популярные метки

ШЫМКЕНТТЕ ІРІ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ

Автор:admin

Ноя 6, 2024
Spread the love

Биылғы жылдың көктемінде Шымкент қаласы әкімдігі мен түрік «Aksa Energy» компаниясының өкілдері арасында маңызды меморандумға қол қойылған болатын. Құжатқа сәйкес, қалада қуаттылығы 500 МВт болатын заманауи бу-газ қондырғысын (БГҚ) салу жоспарлануда. Жобаны сәтті жүзеге асыруға қажетті жұмыстар жүйелі түрде басталып кетті.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков осы жобаның акционері, «Aksa Energy» компаниясының өкілі Джемиль Казанджимен кездесіп, екіжақты ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті. Әкімнің айтуынша, жобаны іске асыру қаланы дамытудағы негізгі басымдықтардың бірі болып отыр, және қала әкімдігі тарапынан жобаға жан-жақты қолдау көрсетілуде.
Жалпы құны 700 миллион АҚШ долларын құрайтын бұл ауқымды инвестициялық жоба Шымкент тұрғындарын сапалы электр және жылу энергиясымен қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар, бу-газ қондырғысы іске қосылғаннан кейін қаланың экологиялық жағдайына оң әсер етіп, жергілікті бюджетке тұрақты табыс түсіреді деп күтілуде.
Қала әкімі түрік компаниясының Шымкентке қызығушылық танытып, энергия саласын дамытуға атсалысқаны үшін алғыс білдірді. Қала басшысы атап өткендей, бұл жоба алдағы уақытта қала инфрақұрылымын жақсартуға, тұрақты даму жолында жаңа мүмкіндіктер ашуға септігін тигізеді.
Сонымен қатар, Шымкент қаласының әкімі кезекті жұмыс сапары барысында Әл-Фараби ауданындағы «Бадам» өзенінің жағалауында жүргізіліп жатқан абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарымен танысты. Инвестициялық жоба аясында мұнда жаяу жүргіншілер мен велосипед жолдары төселіп, жарықшамдар орнату жоспарланған. Сондай-ақ, жағалаудың іргелес аумағы көгалдандырылып, тұрғындар мен қала қонақтары үшін жайлы демалыс аймағы құрылатын болады.
Сапар барысында қала әкімі көпқабатты үйлердің қасбеттерін жаңарту жұмыстарының барысын да көріп шықты. Қазіргі кезде Қ.Рысқұлбеков, Ғ.Иляев және Б.Момышұлы көшелерінде жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде, оған қоса көпқабатты үйлердің қасбеті мен шатырларының бірыңғай сәулеттік стильге сәйкестендіру жұмыстары қолға алынған.
Әкім мердігер ұйымдарға барлық жұмыстың сапалы орындалуын міндеттеп, қала келбетін жақсарту мақсатында бірқатар тапсырмалар берді. Сондай-ақ, жауапты тұлғаларға сауда нүктелерінің иелерімен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жарнамалық тақтайшаларды бірыңғай дизайн-кодқа сай ретке келтіру бойынша міндеттер жүктеді.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика