Қала көркін арттырып, тұрғындар мен қонақтарға заманауи талапқа сай жайлы жағдай жасау мақсатында теміржол вокзалының ғимараты қайта жаңартылды. 10 жылға жоспарланған инвестиция қаражаты 1 жыл ішінде қарастырылып, былтыр 10 маусымда басталған жұмыстар 2024 жылдың 10 мамырында толық аяқталды. Сенімгерлік басқаруға нысанды беру арқылы қайта жаңғырту жұмыстары тиімді жүзеге асқанын атап өткен жөн. Мұнда тәулігіне 27 бағыт бойынша поездардың қызметі ұйымдастырылған.
1968 жылы салынған ескі вокзалдың жалпы ғимарат алаңы 1 770,2 шаршы метрді, жолаушыларды өткізу қабілеті тәулігіне 2 мың жолаушыны құраса, бүгінде қайта жаңғырту жұмыстарынан кейін теміржол вокзалының аумағы 2 249,33 шаршы метрге ұлғайып, өткізу қабілеті тәулігіне 6 мың адамға дейін артты. Сондай-ақ, жолаушыларды күту залының аумағы 898,3 шаршы метрден 1 982,3 шаршы метрге дейін артты.
Жобада ғимараттың екінші кіреберісі, жолаушыларға жайлы қызмет көрсететін заманауи талапқа сай 2 күту залы және екінші қабатта фудкорт қарастырылды. Вокзал ғимаратының қасбеті мегаполистің сәулеттік келбетіне сай жабдықталып, шыны витражды жүйелерден және металл кассеталардан жасалды.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында Қазақстанның Еуразиядағы тораптық транзиттік хаб ретінде өз позициясын күшейтіп, толыққанды көліктік-логистикалық державаға айналуға тиіс екеніне тоқталған болатын. Көлік-логистика саласы елдің экономикалық дамуының локомотивтерінің біріне айналуы қажет. Шымкенттегі «Сауда-логистикалық орталық» аумағының жоғары жүктемесіне байланысты хабтың жалпы ауданын 92-ден 136,29 гектарға дейін кеңейту туралы шешім қабылданды. Бүгінгі таңда мұнда жалпы құны 25,2 млрд. теңге болатын 4 инвестициялық жоба іске асырылып, 285 жұмыс орны ашылды. Қазіргі уақытта жалпы құны 59 млрд. теңгені құрайтын 29 инвестициялық жобаның пулы құрылды.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі