Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және сақтау бойынша меншік нысанына қарамастан барлық мекемелер мен ұйымдардың жұмысы Шымкент қаласы прокуратурасының тұрақты бақылауында.
Мемлекет мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғауға ерекше көңіл бөледі.
Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау әлеуметтік, қайырымдылық көмекті, медициналық, әлеуметтік және кәсіптік оңалтуды, білім алуға қолжетімділікті және мүгедектігі бар адамдардың қоғам өміріне басқа азаматтармен бірдей қатысуына мүмкіндіктер жасауға бағытталған өзге де шараларды ұсыну арқылы қамтамасыз етіледі.
Прокуратура органдары бұл саланы басым бағыттарға жатқызады және қадағалау функцияларымен шектелмей, үйлестіру функциясын белсенді пайдаланады.
Бұған дейін біз барлық құзыретті органдар басшыларының және мүгедектігі бар бірқатар азаматтардың және мәслихат депутаттарының қатысуымен өткен көшпелі кеңейтілген алқа отырысы және онда қабылданған шешімдер туралы хабарлаған болатынбыз.
Халықты ақпараттандыру бойынша дәстүрлі жұмысты жалғастыра отырып, нақты іске асырылған шаралар туралы хабарлаймыз.
Кеңес қорытындысы бойынша әкімдікке ойын алаңшаларын салған кезде мүгедектігі бар балаларға арналған арнайы ойын элементтерін орнатуды ескеріп, бейімдеу тапсырылған болатын.
Аталған тапсырманы орындау үшін қала аумағындағы 70-тен астам ойын алаңдарына қосымша арнайы ойын элементтерін орнату арқылы мүгедектігі бар балаларға арнайы бейімделді.
Сонымен қатар, Шымкент қаласы Абай ауданының Жайлау шағын ауданында арнайы ойын алаңшасы салынуда.
Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда.
Айта кететін, қазіргі таңда Шымкент қаласында 37 337 мүмкіндігі шектеулі азамат (2021 ж. – 36 537) тіркелген, оның ішінде:
— бірінші топтағы мүгедектер – 3 441 (2021 ж. – 3372);
— екінші топтағы мүгедектер – 14 717 (2021 ж. – 14 556);
— үшінші топтағы мүгедектер – 12 335 (2021 ж. – 12 191);
— 18 жасқа дейінгі 6 844 мүгедек балалар (2021 ж. – 6418) тіркелген.
Нақты айтатын болсақ төмендегі жұмыстар жүргізілді:
— протездік-ортопедиялық құралдарға мүмкіндігі шектеулі азаматтардан 4 108 өтініш қабылданып, 1 310 құрал қамтылды (41,8%) (2021 жылы – 6307 өтініш қабылданып, 4382 адам қамтылды (69,5%);
— сурдотехникалық, тифлотехникалық, гигиеналық құралдарға 10 132 өтініш қабылданып, 7 957 құралдармен қамтылды (78,5%) (2021 жылы – 16 322 өтініш қабылданып, 14 846 қамтылды (91%);
— мүгедектерге арналған қол арба құралдарына 573 өтініш қабылданып, 225 құрал қамтылды (39,2%) (2021 жылы – 1276 өтініш қабылданып, 1163 адам қамтылды (91,1%);
— жеке көмекші, ымдау тілі мамандарының қызметіне 2 542 азамат мұқтаж болса, 2 159 азаматқа қызмет көрсетілді (85%) (2021 жылы – 2494 азаматқа);
— 8 033 азаматтан шипажай орындарына емделу үшін жолдамаға өтініштер қабылданып, 1 200 азамат қамтылды (15%) (2021 жылы –5602 азаматтан өтініштер қабылданып, 4778 адамға жолдама берілді (85,3%);
— мүгедектерге арнайы жабдықталған «Инватакси» 18 көлікке 420 өтінім қабылданып, қызмет көрсетілуде (2021 жылы – 1200 өтінім);
— Ұлы Отан соғыс ардагерлері мен мүгедектеріне, жүріп-тұруы қиын 1-2-ші топтағы мүгедектерге емдеу мекемелеріне және қоғамдық орындарға бару үшін арналған «Әлеуметтік такси» 55 автокөлікке 567 өтініш қабылданып, қызмет көрсетілуде (2021 жылы – 651 өтінім);
— Үйде күтім көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге 175 жолдама берілді (2021 жылы – 1 215 жолдама);
— Медициналық-әлеуметтік мекемелерде (ұйымдарда) арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге 198 жолдама берілді (2021 жылы – 1641 жолдама).
Әлеуметтік портал мен ЭЦК-мен жұмыс жасау үшін мүгедектігі бар азаматтарға Басқарма ғиматарында өз-өзіне қызмет көрсету бұрыштамасы ұйымдастырылған және Басқарма қызметкерлерімен әрбір адамға жеке-жеке көмек берілуде.