Көшелерде көлік кептелісін азайту мақсатында жол таңбалары жаңартылып, бағдаршам, жол белгілері мен оң жақ өткелдер салынуда, деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған R-FACTOR.KZ.
Жібек жолы-Сайрам көшелері мен Ибрагим ата-Сареми көшелерінің қиылысына оң жақ өткелдер ұйымдастырылуда. Бұл шаралар осы аумақта кептелісті азайтуға мүмкіндік береді.
Бәйдібек би даңғылы көлік ағыны жоғары негізгі магистралдың бірі саналады. Осыған орай, Бәйдібек би даңғылы мен Төлеметов көшесіне қосымша жолақтар жүргізілді. Ендігі кезекте Бәйдібек би — Алатау қиылысына қосымша жолақ ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, Бәйдібек би даңғылы мен Көшеров көшесіне кері бұрылыс ұйымдастырылып, Бәйдібек би — Абылай аралығын қосу жұмыстары жүргізілді.
Онымен қоса Бәйдібек би даңғылына балама жол ретінде Тұран және Тұран-2 шағын аудандарынан қала орталығына тікелей қатынайтын Таңбалытас көшесіне асфальт төселіп, жол таңбалары сызылды.
Шымкентте жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында көшелерде жол таңбалары сызылуда.
Жалпы, қалада асфальт жолдың ұзындығы – 2312,3 шақырымды құрайды.
Жоспарға сәйкес биыл 1100 шақырымға жуық жол таңбалары сызылады. Осыған дейін оның 167 шақырымы жүргізілген.
Олар:
1.Арғынбеков көшесі.
2. Сыпырған ата көшесі.
3. Адырбеков көшесі.
4. Бәйтереков көшесі.
5. Қазыбек би көшесі.
6. Бәйдібек би — Төлеметов көшелерінің қиылысы.
7. Төлеметов — Сырым батыр көшелерінің қиылысы.
Мектеп оқушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 10 орынға трапеция тәріздес жаяу жүргіншілер өтпесі ұйымдастырылады. Назарбеков көшесінде Назарбаев атындағы зияткерлік мектептің тұсына салынған трапециялық жаяу жүргіншілер өткеліне жол таңбасын сызу жұмыстары жүргізілді. Бұл шаралар қозғалысқа кедергі келтірмес үшін түнгі мезгілде атқарылады.