Арбат алаңында өткен «Шымқала кештері» қала тұрғындары мен қонақтарына нағыз мерекелік көңіл-күй сыйлаған әсерлі мәдени шараға айналды. Әсем әндер мен эстрадалық әуендер қаланың кешкі тыныштығын шырқап, көпшіліктің жанын жадыратты. «Шымкент концерт» ұйымының талантты өнерпаздары орындаған әндер күздің алғашқы салқын лебіне қарамастан, көрермендерге ерекше жылу мен қуаныш сыйлады.
Кештің басты ерекшелігі – ашық аспан астында өтетін концерттердің тұрақты түрде ұйымдастырылуы. Бұл өз кезегінде қала халқы мен қонақтарына демалыс күндерін есте қаларлықтай өткізуге мүмкіндік береді. Жиналған көрерменнің ризашылығы, соғылған шапалақтар мен қошеметтер әдемі атмосфераны одан әрі жандандырып, кештің сәнін кіргізді.
Мәдениет пен өнер мерекесі мәдени мұраны сақтаудың, патриотизмді қалыптастырудың және қоғамның жалпы мәдени дамуының маңызын айрықша көрсетеді.
Мемлекет басшысының мәдениет саласын дамытудағы ерекше рөлін атап өткім келеді. Президенттің тапсырмасы бойынша мәдениетті дамыту, дәріптеу және ұлттық мұраны сақтау үшін қолайлы жағдайлар жасалып жатыр. Шығармашылық ұжымдар ұлттық мәдениетіміз бен өнерімізді жақын әрі алыс шет елдерде таныстырып жүр. Одан бөлек мәдени жаңа нысандар салынып, материалдық-техникалық база нығайтылуда. Бұл Мемлекет басшысының қолдауымен жүргізілген жұмыстың бір бөлігі ғана.
– Мәдениет пен өнер – ел өміріндегі өте маңызды сала. Өнер – ұлттың жаны, ал мәдениет – рухани келбеті. Бұл қос құндылықты өркениетіміздің өзегі деуге болады. Оны сақтап, байыта түсу – ортақ парыз. Әбіш Кекілбайұлы «Мәдениет тарихы – түптеп келгенде адамзат тарихы» деген. Қазақтың бітім-болмысын оның төл өнерінен көруге болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар, елдімекендерде мәдени нысандардың болуы адамның эстетикалық құндылығын арттырады. Дүниеге деген көзқарасын өзгертеді. Бұл бағытта Шымкент қаласының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары аясында 1 көрсеткіш, «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы бойынша 1 көрсеткіш көрсетілген. Жоспарға сәйкес ағымдағы жылы 4 мәдени нысан салу көзделуде. Атап айтқанда жыл соңына дейін «Көкбұлақ клубы», «Қайнарбұлақ клубы», «Қаратөбе клубы» және «Өтеміс клубы» ел игілігіне беру жоспарлануда. Ал кейбір аумақтарда мәдениет объектілерін жөндеу қолға алынуда. Жыл соңына дейін 23 мәдениет ошақ жаңа кейіпке енеді.