ҚР ІІМ тергеу департаментінің бастығы Мұхтар Қожаевтің төрағалығымен өткен іс-шараға Шымкент қаласы, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстары полиция департаменттерінің тергеушілері және прокуратура, сот, қаржылық мониторинг агенттігі және екінші деңгейдегі банктер өкілдері қатысты. Кездесу ҚР ІІМ Бауыржан Момышұлы атындағы оқу орталығында ұйымдастырылды.
Шараға қатысушылар ғаламтордағы алаяқтықпен байланысты қылмыстық істерді тергеу процесінде туындайтын проблемаларды және оларды шешу, бұл құқық бұзушылықтардың алдын алу жолдарын талқылады. Онлайн түрде жасалатын алаяқтықтың профилактикасы мен оны болдырмау мақсатында полицейлермен кешенді шаралар қабылданып, белсенді жұмыс атқарылуда. Аталған қылмыстармен күресу үшін арнайы «Киберпол» бөлімдері де құрылған. Тұрғындармен интернет-алаяқтықтың құрбаны болмас үшін және одан сақтану бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілуде екені атап өтілді.
Интернет – алысты жақындатып, өмірімізді жеңілдетіп отырған құрал. Дегенмен, оның да кемшін тұстары жоқ емес. Алаяқтар үшін интернет қарапайым адамдарды алдаудың жаңа құралына айналып үлгерді. Сол үшін де интернет-алаяқтық жаңалық емес. Интернет жеке деректерді ұрлау және қаржылық алаяқтық жасаудың ең танымал құралдардың біріне айналды. Интернет-алаяқтық заманауи технологиялық құралдарды қолдану арқылы жүзеге асырылады. Оны киберқылмыстың бір түрі деп есептеуге болады.
Интернеттегі алаяқтардың мақсаты – заңсыз жолмен басқалардың ақшасы мен мүлкін ұрлау. Алаяқтықтың бұл түрі Интернет қызметтерін немесе оған қосылған бағдарламаларды пайдалану арқылы жүзеге асырылады. Интернет-алаяқтардың жымысқы әрекетінен әлемде қаншама адам қаржылық шығынға батып жатыр. Оған тосқауыл жоқ, десе де одан қорғанудың жолдары бар. Интернет-алаяқтық материалдық шығыннан бөлек моральдық шығынға да ұшыратады. Бұл алаяқтың кәсіби деңгейі мен тәжірибесіне байланысты.
Көшпелі семинар-кеңес қатысушылары тәжірибе алмасып, интернет-алаяқтықты тергеу сапасын жақсартуға ықпал ететін тәсілдер туралы пікірлерімен бөлісті.