Қалада спорт инфрақұрылымын дамыту жалғасуда. Қазіргі таңда қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің басшылығымен азаматтардың салауатты өмір салтын ұстануына, спортпен жүйелі айналысуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған бірқатар жобалар жүзеге асырылып келеді, деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған R-FACTOR.KZ.
Мегаполис басшысының тапсырмасы бойынша Нұрсәт шағынауданындағы саябаққа 830 метрден асатын жаңа жүгіру жолы төселді. Арнайы резеңке жабын белсенді өмір салтын ұстанатын тұрғындар үшін жайлы әрі қауіпсіз.
Жоба халықтың қолжетімді және заманауи спорт инфрақұрылымына сұранысы негізінде жергілікті бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүзеге асырылды. Аудан тұрғындарының саябақта серуендеп қана қоймай, салауатты өмір салтына сай таңертең және кешке жүгіруіне де мүмкіндік жасалды.
Айта кетейік, Президент Жолдауында қамтылған стратегиялық міндеттер мен Шымкент қаласы әкімдігінің бастамалары спорт инфрақұрылымын дамыту арқылы салауатты өмір салтын қалыптастыруда қолайлы жағдай жасауға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.
Еске саларлық, шаһар басшысы Ғабит Сыздықбеков тұрғындармен бірге заманауи талапқа сай абаттандырылған балалар теміржолы аумағын аралаған болатын. Мегаполис басшысының тапсырмасымен, қараусыз қалған аумақ жан-жақты зерделеніп, жаңа серуендеу аймағының тұжырымдамасы дайындалған болатын. Жоба бойынша халыққа қолайлы, серуенге ыңғайлы, қауіпсіз аймақ жасау қарастырылған болатын. Сонымен қатар, спорттық алаңшаларға да орындар қарастырылған.
Орталық стадионнан Денросаябаққа дейінгі шамамен алты шақырымды құрайтын жолда жүгіру және велосипед жолдары, воркаут-алаңдары бар. Осы алты шақырымдық жол түгел асфальтталған. Алдағы уақытта азаматтардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету үшін мұнда бейнекамералар орнатылады, сондай-ақ турполиция тәулік бойы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Нысанның тарихи келбеті сақталуы үшін станцияларға жаңартылған вагондар қойылады.
Сонымен қатар жол бойынан халықтың игілігі үшін кофе ішетін орындар ашылады.
Айта кетейік, нысан демеушілер есебінен жасалынып жатыр. Қалада алдын үш нысан демеушілердің көмегімен халық игілігіне берілген болатын.