Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен құқық бұзушылықтың алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті.
Жиында Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті басшысының міндетін атқарушы Е. Жолғасбаев қасақана қылмыс жасағандарды қайта әлеуметтендіру бойынша баяндама жасады. Сонымен қатар, Шымкент қаласы Полиция департаменті басшысының орынбасары А. Бейсенбаев және Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Қ. Базарбаев ішкі істер органдары мен Төтенше жағдайлар департаментіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу шаралары туралы баяндады.
Сыбайлас жемқорлықпен күресу еліміздің бүгінгі күнгі күрделі мәселелерінің бірі болып отыр. Үлкен әлеуметтік қасірет болып табылатын ол саяси даму тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын әлемдегі барлық елдердің қайсын болмасын да қатты алаңдататыны айқын.
Сыбайлас жемқорлықтың мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін едәуір төмендететіні, қоғамда демократиялық қайта құруларды жүзеге асыруды тежейтіні, елдің халықаралық беделіне көлеңке түсіретіні белгілі. Ең бастысы — адамдардың қоғамның демократиялық негізіне деген сеніміне, заң мен әділдікке деген сеніміне, түптеп келгенде, билікке деген сеніміне кері әсер ететіні хақ.
Сонымен бірге, мемлекеттік сатып алу саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау шаралары туралы мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Алмас Абаев мәлімдеді, ал кәсіпкерлік және инновациялық даму басқармасының басшысы Біржан Әзімбердиев кәсіпкерлерді қолдау бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы ақпарат берді.
Отырыс қорытындысы бойынша қала әкімі басқарма басшылары мен аудан әкімдеріне нақты тапсырмалар беріп, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау шараларын күшейтуді тапсырды.