Шымкентте Кеңес Одағының Батыры Қарақозы Әбдәлиевті еске алуға арналған бокстан халықаралық турнир өтті. Қала әкімі турнирге қатысып, қазақстандық боксшылардың финалдық жекпе-жегін тамашалады.
Жарысқа еліміздің үздік боксшылары, сондай-ақ Украина, Түркия, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстаннан келген былғары қолғап шеберлері қатысты.
Бұл 43-турнир, дегенмен биыл қазақстандық боксшылар үшін ерекше маңызға ие. Қорытындысы бойынша жаттықтырушылар кеңесі қараша айында Иорданияда өтетін Азия чемпионатына үздік спортшыларды іріктейді.
Еліміздегі республикалық маңызы бар қалалардың бірі – миллионнан астам тұрғын мекен ететін Шымкент шаһары. Мұнда қай салада болмасын жұмыс қарқыны бәсеңдеген емес. Әсіресе спорт саласында атқарылып жатқан жұмыстар көп-ақ. Тіпті, соңғы бір айдың көлемінде көңілге үміт ұялататын жаңалықтар жарыққа шықты.
Қазақстанның абыройын асқақтатып жүрген спортшылар, сол спортшылардың биік белестерді бағындыруына атсалысып жүрген жаттықтырушылар мен ардагер спортшылар болды. Тиісінше, мерейі үстем болған азаматтарды марапаттауға қала басшысының орынбасары Абайұлы Сәрсен, қалалық мәслихаттың төрағасы Баһадүр Нарымбетов, спорт басқармасының басшысы Мықтыбеков Маратбек сынды тұлғалар қатысты. Қатысып қана қоймай, спорт саласының бүгінгі мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екендігін, спорттық инфрақұрылым мен спортшыларға айрықша көңіл бөлінетінін айтып сала мамандарын бір серпілтіп қойды.
Сондай-ақ, бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріліп жатқан Шымкент қаласында бірнеше күн бұрын отбасылық жарыс ұйымдастырылды. Сайцысқа қатысып, бірнеше спорт түрі бойынша күш сынасқан жиырма жанұя салауатты өмір салтын дәріптеуді мақсат тұтқан. Олар ұзындыққа секіру, отбасылық көпсайыс секілді бес кезеңнен өтіп, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы сыйлықтар табысталды.
Жалпы, қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының ресми дерегіне сүйенсек, қазіргі уақытта шаһарда отыздан аса спорт мекемесі жұмыс істеп жатыр. Ол нысандарда спорттың жетпістен аса түрімен он сегіз мыңнан аса азамат шұғылданып келеді. Ал, жаттықтырушылар саны тоғыз жүзден асады. Осынау еселі еңбектің арқасында, биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығының өзіне шымкенттік спортшылар ел чемпионаттарында 500-ден аса алтын, 400-ден аса күміс және 500-ден аса қола медаль еншілеген. Сонымен қатар, Азия біріншіліктерінде елу бес және Әлем чемпионаттарында жиырма екі алтын жүлдені қоржынға салған.