Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті отырысында «Бақытты жанұя» орталығының басшысы А.Қалымбет мәлімдеді. 2022 жылы «2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы» аясында жұмыс берушілердің сұратуы бойынша оқу ұйымдарында жұмыссыз 1632 азаматты оқыту жоспарлануда. Оның 832-сі жастар. Сонымен қатар, «Жұмыссызды жұмыс берушілердегі жұмыс орнында кәсіптік оқытуды ұйымдастыру» бойынша 760 азаматты оқыту жоспарланса, оның 220-сы жастар санатындағылар екендігін жеткізді. Қызмет көрсету саласында 12 мамандық бойынша 795 адам, ауыл шаруашылығы саласында 3 мамандық бойынша 75 адам, өндіріс саласында 7 мамандық бойынша 1310 адам, құрылыс саласындағы 9 мамандық бойынша 320 адам арнайы білім алып, сертификатқа ие болған. Мегаполисте жастарды жұмыспен қамтуда да тиімді бағдарлама жүйелі түрде жүзеге асуда. «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша кез-келген жас жұмысқа жолдама алуға мүмкіндік бар. Бағдарламаның екінші бір тиімді тұсы, бағдарлама жалақысы жылдағыдан көтеріліп бүгінде 91 890 теңгені құрап отыр. Яғни 30 айлық есептік көрсеткіш. Сондай-ақ, бағдарламаға қатысу мерзімі 6 айдан 12 айға дейін ұзартылды.
Комиссия төрағасы, қала әкімнің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, құзырлы мемлекеттік органдар және жергілікті үкіметтік емес ұйым басшылары қатысқан жиында Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру бойынша бірқатар мәселелер қаралды.
Отырыста көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға көрсетіліп келетін көмектің жай-жапсарын баяндаған «Бақытты жанұя» орталығының басшысы 4 269 ана жұмыспен қамту шараларына тартылғанын, 1225 ана қоғамдық жұмыспен қамтылғанын және 2 882 ана тұрақты жұмыспен қамтылғанын атап өтті. Сонымен бірге, 373 ана кәсіптік тегін оқу курсынан өтіп, 162 ана мемлекеттік грант алған.
Бұдан бөлек, жиында «Әйелдердің репродуктивті денсаулығын қорғау: ана мен бала өлімінің проблемалары туралы» денсаулық сақтау басқармасының басшысы Н.Асылбеков, «Қиын өмірлік жағдайға тап болған, отбасылық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен азаматтардың дағдарыс орталығындағы жағдайы, өзекті мәселелері туралы» №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының басшысы Н.Асанов баяндама жасады.
Комиссия отырысының қорытындысы бойынша Шымкент қаласының әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Өңірлік комиссия тарапынан тиісті жұмыстарды жүргізу бойынша бірқатар құзырлы органдарға ұсыныстар берілді.
R-ақпарат