Халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру мақсатында қолға алынған кешенді шаралардың тиімділігінің басты өлшемі – тұрғындар табысының артуы мен өмір сүру сапасының жақсаруы. Бұл ретте Мемлекет басшысы экономиканың өсімін халықтың өмір сапасына тікелей әсер ету қажеттігін жеткізіп, нақты міндеттер жүктеген болатын, деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған R-FACTOR.KZ.
Осы орайда Шымкент қаласының экономикалық көрсеткіштерімен қатар жергілікті бюджеттің көлемі де жылдан жылға артып келеді. Бүгінгі таңда бюджет көлемі 764 млрд теңгені құрап, соңғы 6 жылда 5,2 есеге өсті. Осыған орай, өткен жылы жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын мекемелердегі 15 мыңға жуық қызметшінің жалақысына қосымша 22 000 теңге ынталандыру үстемеақысы тағайындалған болатын. Биыл 1 сәуірден бастап қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің тапсырмасы аясында үстемақы 50 мың теңгеге дейін көтерілді. Нәтижесінде, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын мекемелердегі ең төменгі жалақы көлемі 140 000 теңгеден асты.
Халықтың тұрмысын жақсарту бағытындағы шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Түсіндірме жұмыстарының нәтижесінде мұндай игілікті бастамалар қала кәсіпкерлері тарапынан да қолдау тауып, бірқатар жеке сектордағы жалақы көрсеткіші де артып келеді.
Қаланың 2024-2028 жылдарға арналған дамуы Қазақстан Республикасының 2024-2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамындағы 2028 жылға айқындалған индикаторларға қол жеткізуге септігін тигізеді.
Жалпы өңірлік өнімнің орташа жылдық өсімі 4,0% — ды құрайды.
ЖӨӨ құрылымында өнеркәсіптің орташа жылдық өсімі 3,7%, сауда – 5,2%, көлік және қоймалау – 4,6%, ақпарат және байланыс – 3,2%-ды құрайды деп күтілуде.
Қалада қабылданатын жұмыспен қамту шаралары жұмыссыздық деңгейін барынша төмендетуге ықпал ететін болады. Жаңа өндірістер ашумен жұмыс орындарын құру, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санын төмендету арқылы жұмыспен қамтылған халықтың көбеюі күтілуде. Осылайша, 2028 жылға табысы ең төменгі күнкөріс деңгейі шамасынан төмен халықтың үлесі 5,9 пайызға, жұмыссыздық деңгейін 4,8 пайызға төмендету көзделуде.