Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығына әлеуметтік әріптес, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ректоры, бүгінде Шымкент қаласы мәслихаты депутаттығына үміткер Қожамжарова Дариякүл келіп, кәсіподақ активімен сайлауалды кездесу өткізді. Шараны «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев ашып, жүргізіп отырды. Жиында кандидаттың сенімді өкілі ретінде кәсіподақ ардагері Досыбай Шерімқұлов үміткер алдағы саяси додаға зор жауапкершілікпен және үлкен дайындықпен қатысып жатқанын алға тартты. Кездесуде үміткер Қожамжарова Дариякүл «Бақыт мекенін бірге жасайық!» сайлауалды бағдарламасын таныстырып, өзінің бағдарламасындағы басты міндеттер ҚР Кәсіподақтар федерациясының сайлауалды тұғырнамасы үйлесім табатынын айтып өтті.
«Мен үшін сайлауға қатысу үлкен жауапкершілік. Жиған тәжірибем халық аманатын арқалап, сенімінен шығуға жетеді деп санаймын. Жалпы Шымкент – Бақытты мекен болуы үшін қаладағы жайлы тұрмыс, тұрақты жұмыс, жеке баспана, лайықты еңбекақы, сапалы білім мен медицина барлық тұрғындар үшін қолжетімді болуы керек», — деді үміткер.
Жиын соңында Бауыржан Ілімшеұлы Кәсіподақтардың ұстанып отырған көзқарастары мен сайлауалды тұғырнамасы сайлаушылар тарапынан қолдау табатынына сенім білдіріп, қатысушыларды 19 наурыз күні өтетін сайлауда белсенді болып, өз болашағы үшін дауыс беруге шақырды.
Мемлекет пен бизнес жұмыскерді азамат және адал еңбекші ретінде құрметтеуге міндетті. Еңбек адамы ғана – қоғам әл-ауқатының бірден-бір көзі!
Қазақстандық еңбеккердің мүддесі тыңдалып қана қоймай, жүзеге асуы тиіс. Мәжіліс пен мәслихат сайлауында өз сөзіңді айтпасаң, меншік иелерінің қазақстандық еңбекшілерді қанауы жалғаса береді.
Кәсіподақ өкілдері өндірісті қолдау және еңбек өнімділігін, демек, жұмыс орындарын арттыру мақсатында меншік иесі мен еңбеккерлер арасында табыстың адал бөлінуіне қол жеткізу үшін Мәжіліс пен мәслихаттарға барады.
Біз еңбеккердің табысы өсіп, оны пайдалану дәрежесі төмендейтін, шәкіртақы, зейнетақы және әлеуметтік жәрдемақы кедейліктен қорғайтын қоғам құруға шақырамыз.
Бұған шынымен қол жеткізуге болады. Ол үшін жеке кәсіпорын үшін де, ұлттық байлықты мемлекеттік қайта бөлу арқылы да табыстың әділ бөлінуін қамтамасыз ететін тікелей әрекет ету заңдары қабылдануы тиіс.