Үшінші мегаполисте «Қауіпсіз еңбек жылы» аясындағы кездесулер жалғасуда. Кезекті кездесуді «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Жарқынбек Құрманбек кәсіподақ мүшелеріне, яғни «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ Шымкент қалалық филиалы құрамындағы Шымкент қалалық орталық емханасы ұжымында өткізді.
Жиында қатысушыларға кәсіподақтың рөлі мен мақсаты түсіндіріліп, ҚР Кәсіподақтар федерациясының Әлеуметтік мемлекетке 15 қадамды қамтитын тұғырнаманың негізгі басымдықтары және еңбек қауіпсіздігі, еңбекті қорғау, еңбек заңнамасын қолдану тәжірибесі және оған енгізілген өзгерістер, маңыздылығы туралы пайдалы кеңестер берілді.
Басқосуда АКБ төрағасының орынбасары Жарқынбек Құрманбек ҚР Кәсіподақтар Федерациясының 2023 жыл — «Қауіпсіз еңбек жылы» деп жариялауына орай, еңбеккерлерге еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігін сақтау, техникалық инспекторлардың жұмысы мен өндірістік жазатайым оқиғаларды болдырмау жайлы айтып, еңбек дауларының алдын-алу, еңбек қатынастарын реттеу және құқықтық көмек көрсету жайлы мағлұмат берді.
Одан өзге төрағаның орынбасары еңбек заңнамасына енгізілген өзгерістерге тоқталып, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі өндірістік жарақаттану, өндірістегі жазатайым оқиғаларды есепке алу және тергеу, еңбекке қауіпті жағдайлардың алдын-алу жолдарын түсіндіріп өтті. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу шаралары жөнінде де әңгіме өрбіді.
Қатысушылар көкейінде жүрген сауалдарын жолдап, пікір алмасып, қызмет барысында туындайтын көптеген өзекті сұрақтарына жауаптар алды.
Айта кетейік, бүгінде емхана қабырғасында 380 адам жұмыс жасайды. Барлығы 100% кәсіподақ мүшелігінде. Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы — Саткеева Гулсім Бекмұратқызы.