Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Кэтрин Личпен кездесті.
Кездесуде екі ел арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салаларда ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға қатысты бірқатар мәселелер талқыланды. Сонымен қатар, дуальды білім беруді ұйымдастыру және Шымкентте британдық университеттердің бір филиалын ашу мүмкіндігі қарастырылды.
Бұдан бөлек, қала әкімі Шымкенттің экономикалық дамуы, инвестициялық және туристік әлеуеті туралы айтты. Британдық компаниялардың қатысуымен бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға және қалада мәдени іс-шаралар өткізуге қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Сонымен қатар, негізгі капиталға салынатын инвестицияны биыл 275%-ға арттыру жоспарда бар. 2016 жылдан бастап мегаполисте дәрі-дәрмек, медициналық бұйымдар өндірісі қарқын алған. Ең ірі «Химфарм» зауытынан бөлек «Тассай» индустриалды аймағында медициналық заттар шығаратын кәсіпорындар ашылған. «Экофарм Интернешнл» компаниясы да қазір осы саладағы ірі кәсіпорын қатарына кіреді. Сонымен бірге, өзбекстандық инвесторлардың қатысуымен ашылған «Дента Фил» өндіріс орны да өз ауқымын кеңейтіп жатыр. Компания биыл екінші жобасын іске асырмақ. Жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға ресми сапармен барып, бірнеше маңызды келісімге қол жеткізгені белгілі. Осы орайда қазақ-өзбек бірлескен жобалары қанатын кеңге жаяды деген үміт бар. «Дента Фил» компаниясы соның жарқын мысалы.
Жергілікті әкімдіктің ендігі міндеті – орта кәсіпкерліктің экономикадағы үлесін 10%-дан асыру. Былтыр өнеркәсіп саласында 1 трлн теңгенің өнімі өндірілген. Биыл көрсеткішті 1,1 трлн теңгеге жеткізу мақсаты тұр. Соның ішінде өңдеу өнеркәсібінің үлесі – 825 млрд теңге.
Соңғы 5 жылда мегаполис экономикасына айтарлықтай инвестиция тартылды. Шымкент республикалық маңызы бар қала мәртебесін алғалы инвестиция құю көрсеткіші 3 есе артқан. Мәселен, 2019 жылы мегаполистің инвестициялық даму көрсеткіші 195 млрд теңгені құраса, былтыр 700 млрд теңгенің үстінде инвестиция жұмсалды. Биылғы меже – 900 млрд теңгеден асыру. Осы жылдың 3 айының өзінде 100 млрд теңгенің инвестициясы тартылып үлгерді. Инвестициялық қаражаттың негізгі бағыттары – шағын және орта кәсіпкерлік, сонымен бірге, индустриалды аймақтардағы жобалар. Сонымен қатар инвестиция туризм, көлік, білім салаларына да бағытталып жатыр.