Бүгін репродуктивті денсаулық апталығы аясында «Арбат» демалыс аймағында дәрігерлер жасөспірімдерге арнап “Біз салауатты өмір салтын таңдаймыз” атты шара өтті.
Профилактикалық шарада қалалық денсаулық сақтау басқармасына қарасты Жастар денсаулық орталығының уролог, гинеколог,психолог дәрігерлері жастарға медициналық кеңес берді. Сондай-ақ ЖИТС-тің алдын алу мен оған күрес орталық қызметкерлері жедел тест сынамасын алып, АИТВ-инфекциясын алдын алу бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Шараға қатысқан жастар спорттық шараға белсенді қатысып,өзара сайысты. Жарыста үздік атанған жастарға марапат беріліп,түрлі сыйлықтар табысталды.
Айта кетейік, елімізде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен Репродуктивті денсаулық апталығы өтуде. Шараның мақсаты – халықтың репродуктивті денсаулығының маңыздылығы туралы хабардарлығын арттыру және салауатты өмір салтын насихаттау.