Жыл басынан бері қалада 8 227 отбасыдағы 42 866 адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Бұл көрсеткіш жұмыспен қамту шараларының нәтижесінде былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 30,4 пайызға төмендеген.
Қаламызда АӘК-ке өтініш білдірген отбасылардың 12 092 азаматы жұмысқа жарамды екені анықталған. Оның ішінде 7 281 азамттың жұмысы бар. Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде 330 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысты.
АӘК-нің негізгі мақсаты – ақшалай төлем түрінде қолдауды жүзеге асыру және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту арқылы отбасын қиын өмірлік жағдайдан шығару.
АӘК мыналарды көздейді:
— табысы өңірлік ең төмен күнкөріс деңгейінің 70% — нан аспайтын азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек тағайындау;
— табысы аз отбасылардағы 1 жас пен 6 жас аралығындағы әр балаға 1,5 АЕК (5 538 теңге) мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем беру. 2024 жылғы 1 маусымда АӘК алушылар қатарынан мектеп жасына дейінгі 108,2 мың балаға 2,5 млрд теңге сомасына қосымша төлем тағайындалды;
— жұмысқа орналастыру, өз ісін ашуға ниетті отбасыларға гранттар беру, біліктілікті арттыру курстарына жіберу (қажет болған жағдайда) және өзге де шаралар арқылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу.
Қазіргі уақытта қазақстандықтар АӘК тағайындауға өтінішті тұрғылықты жері бойынша мансап орталығында, ауыл округінің әкіміне сондай-ақ Электрондық үкімет порталы (egov.kz) арқылы бере алады.
Отбасының не жеке адамның әлеуметтік жағдайына байланысты көмек екі түрге бөлінеді: шартсыз және шартты.
Шартсыз ақшалай көмек – жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысуға мүмкіндігі шектеулі табысы аз адамдарға (отбасыларға) ай сайынғы ақшалай төлемдер нысанында көрсетілетін атаулы әлеуметтік көмек түрі.
Шартты ақшалай көмек – жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына және (не) қажет болған жағдайда әлеуметтік бейімдеу шараларына табысы аз адамдардың (отбасылардың) міндетті қатысуы шартымен оларға ай сайынғы және (не) біржолғы ақшалай төлем нысанында көрсетілетін атаулы әлеуметтік көмек түрі.
Оның ішінде 211 адам тұрақты жұмысқа, 43 адам қоғамдық жұмыс орындарына, 12-сі «Жастар практикасы» бағдарламасына, 17 адам «Әлеуметтік жұмыс» орындарына және 47 адамның кәсіпкерлік жобаларына қолдау көрсетілді.