Көрші елдің 50 жастағы азаматына өткен жылдың желтоқсан айында халықаралық іздеу жарияланған.
Ол есірткі заттарының заңсыз айналымына байланысты қылмыс жасағаны үшін жазасын өтеуден бой тасалап жүрген.
Ер адамды Шымкент аумағында полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері ұстады.
Қазіргі таңда оны Өзбекстан Республикасына экстрадициялау бойынша жұмыс жүргізілуде.
Айта кететін, Есірткі таратумен айналысқан шымкенттік отбасы сотталды. Олар есірткіге тапсырысты интернет арқылы қабылдаған. Сатып алушыларға дозалық есірткі орамаларын дайындап, қала аумағында жасырын орындарға қалдырып жүрген.
Жедел іс-шаралар кешенінің нәтижесінде полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері отбасының 3 мүшесі мен олардың 2 серіктесін анықтады.
Тұрғылықты жерлерін тексеру кезінде есірткі заттары және оларды өлшеп-орауға арналған жабдықтар табылып, тәркіленді.
Тергеу барысында полицейлер барлық дәлелдемелерді жинап, қылмыстық істі сотқа жолдады.
Отбасының 22 жастағы ұлы, яғни қылмысты ұйымдастырушы сот үкімімен 18 жылға бас бостандығынан айырылды, қалған 4 кінәлі тұлғаның әрқайсысы 16 жылға сотталды.
Қазіргі уақытта нашақорлық қоғамдық ауқымдағы маңызды мәселе болып тұр. Жастар арасындағы нашақорлықтың алдын-алудың бір жолы түсіндірме жұмыстарын жүргізу болып табылады,-дейді құқық қорғаушылар. Өз кезегінде оқушылар зиянды әдеттерден аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстанып, бос уақытында пайдалы істермен айналысуға, спортпен шұғылдануға шақырды.
Айта кетсек, сенат депутаттары үкіметке есірткінің синтетикалық түрлерінің таралуына қарсы іс-қимыл мәселелеріне қатысты сауалында төмендегі ұсыныстарды айтқан:
1. Елдегі есірткі саудасының өршуіне байланысты тікелей Қазақстан Республикасының президентіне бағынышты арнайы есірткіге қарсы қызмет жүргізетін жеке-дара мекеме құру мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз. Осы секілді мекемелер халықаралық тәжірибеде Ресей Федерациясы мен Аргентина мемлекетінде қолданыста бар.
2. Синтетикалық есірткіні сатуға қатысатын сайттардың жарнамалау фактілерінің жолын кесу жөніндегі жұмысты күшейтіп, жарнамалаушыларды қатаң жазалау қажет.
3. Мектеп, колледждер мен жоғарғы оқу орындарында білімгерлерге есірткіні таратудың және алаяқтар уәде еткен жеңіл ақшаға ұмтылудың салдары туралы түсіндіру шараларын жандандыру қажет.
4. Жастар, әсіресе студенттер арасындағы синтетикалық есірткіні тасымалдаушылардың (закладчик) санының өсуіне байланысты нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеу керек.