Қоғамдық қабылдау бөлмелері партияның халық мүддесін қорғап, үнемі жанынан табылуын мақсат ету жолында үлкен рөл атқарып келеді. Халық қалаулылары, басқарма басшылары мен сала мамандары күнделікті азаматтарды қабылдап, көкейіндегі түйіткілді мәселелерін шеше алмай жүрген талай азаматтарға көмегі мен кеңесін беруде.
Бүгін «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде халық қалаулысы Бақытжан Сейітжан мегаполистің оннан астам тұрғынын қабылдады. Қалалық мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Бақытжан Серікжанұлының жеке қабылдауына тұрғындар баспана жырын, жер дауын айтып, жұмыс іздеп, әлеуметтік көмек сұрап келді.
Мәселен, Қызылсай тұрғын алабының тұрғыны, көп балалы ана Анарбаева Гүлзия екі қолға бір күрек деп жұмыс сұрай келген, ал Аманкул Исахова тұрғын үй кезегінің жылжымауына наразы болса, Бахыт Жақыпов жер дауын көтеріп, бір топ көршілерін жинап, депутаттан араша сұрай келген.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың ашықтығы және қоғамдық бақылау механизмдерін дамытуға қатысты нақты тапсырма берген болатын. Бұл бағытта бірқатар реформа жүзеге асып жатыр. Мәселен, қоғамдық кеңестерге көптеген уәкілеттіктер берілді. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі әзірлеген заң жобалары да осы істің жалғасы іспетті.
Халық қалаулысы қабылдауға келген азаматтар өтініштеріне байланысты тиісті кеңесі мен тұщымды жауабын беріп, мәселелерінің оң шешімін табуына ықпал етті.
Сондай-ақ, айта өтетін болсақ «AMANAT» партиясы тарапынан «Құқықтық көмек» партиялық жобасы өткізіліп жатыр.
«Құқықтық көмек» партиялық жобасы шеңберінде заңгерлер жергілікті жерде азаматтарға заңгерлік көмек көрсету үшін облыстағы аудан орталықтарына барады. Яғни сотта, қылмысты қудалау органдарында және тағы басқа жағдайда азаматтарға өкілеттік етуге, арыз-талап толтыруға, өзін қорғауға көмек көрсетіледі. Тұрғындарға қаржы және құқықтық мәселелер бойынша түрлі кеңес беріледі.
Жобаның негізгі мақсаты — ашықтықты қамтамасыз ету, тұрғындарды алаңдатқан мәселелердің шешу жолдарын тікелей әлеуметтік объектілерде қарастыру және заң аясында құқықтық көмек көрсету.