Адам жанының арашашысы ақ халаты абзал жандарды арнайы құрметтеп, еңбектерін ерекше елейтін маусым айының үшінші жескенбісі – медицина қызметкерлерінің күні елімізде жылда аталып өтіледі. Ия, денсаулығымыз сыр беріп, бас ауырып, балтыр сыздап, жанымыз қысылғанда көмек қолын созуға қашан да дайын тұратын дәрігерлерді әрдайым дәріптеп тұрсақ, артық етпейді. Бұл мақалада хирург-дәрігерлердің еңбектерін ескергенді жөн көрдік.
Адам өмірін құтқару – ол үшін күнделікті әдетке айналған. Медицина саласында ең экстремальды болып саналатын мамандық – хирург. Терең білім мен теориядан өзге бұл сала қызметкерінде жәрдем беру қасиеті – маңызды.
Хирург өз жұмыс орнында радикалды, паллиативті және диагностикалық оталар жасайтыны белгілі. Оларға сондай-ақ, жоспарлы не кешіктірмей шұғыл отадан басқа, науқастың жағдайы ауыр болған кезде шұғыл шешім қабылдап, тез арада қолға алатын жедел ота жасауға да тура келеді.
Сондай жандардың бірі – есімі елге таныс, қолы алтын хирург-дәрігер – Ленгір қалалық ауруханасының бірінші санатты хирургі Тузелбаев Ержан Рыскулбекович.
Тузелбаев Ержан Рыскулбекович Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданы, Шу ауылында дүниеге келген. Дәрігер болуды мен бала кезінен армандаған болашақ дәрігер 2005 жылы «Астана» медициналық университетіне оқуға түсті.
Институтты бітіргеннен кейін тағылымдамадан өтіп, 2012 жылдан бастап Түркістан облысының облыстық клиникалық ауруханасында хирург дәрігері болып еңбек жолын бастады.
Жалпы, медицина саласында қызмет ететін хирург бұл саланың, оның ішінде хирургияның өте бөлек, күрделі, жауапкершілікті қажет ететін мамандықтардың бірі екенін үнемі айтып отырады. Хирург техникалық тәжірибені қажет ететін өте маңызды мамандық деп айта аламыз. Операцияның арнайы техникасын білмесеңіз, ішектің қарапайым тігісі де білім мен дағдыларды қажет етеді. Бұл дұрыс жасалмаса, ауруда жағымсыз асқынулар пайда болады дейді.
Практикалық тәжірибе ең маңызды болып есептелетін салада қызмет ететін кейіпкердің жамбылдықтар үшін есімі елеулі. Талай жанға қайта өмір сыйлаған, ажалдан арашалап қалған дәрігердің жұмысы жеңіл деуге әсте келмейді. Құдды «жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген мақал дәл осы мамандық иесіне арналғандай. Бұл соқпақ жолды қызметте еңбек ету – әр медицина өкілінің қолынан келмейтіні анық. Тіпті «қызыл диплом» да жұмыс барысында көмектеспейді. Ең бастысы – тәжірибе мен ержүректілік.
Хирургтердің міндеті – хирургиялық жолмен берілген ауруды емдеу. Сонымен қоса, стреске төзімді, қолмен жұмыс істеудің білгірі болуы керек. Жалпы хирург іш қуысы мүшелеріне, атап айтқанда, тиреоидэктомия, аппендэктомия, жырық (грыжа), өт қабын алып тастау, күйік, варикозды емдеу сияқты оталар жасайды. Хирургтің міндетіне абсцесті кесу, терінің зақымдануын алып тастау, жараларды тігу сияқты кішігірім оталардан бастап, күрделі отаға дейінгі дайындық, ота жасау, отадан кейінгі басқару кіреді.
Жауапкершілігі мол қызметте еңбек ететін бүгінгі кейіпкер – қызметіне адал, халқына жақын. Күн мен түнді елемейтін Ержан Рыскулбекович секілді мамандар облыстың медицина саласын айтарлықтай дамытуға күш жұмсары анық.
Ия, бабаларымыз: «Алғыспен ел, жауынмен жер көгереді» деп бекер айтпаған ғой. Қиналып келіп, қуанып кетіп жатқан емделушілердің дәрігерлерге дән риза болып, алғыстарын айтуы – ақ халатты абзал жандардың адал еңбегінің арқасы. Олай болса, кейіпкерлерімізді кее жатқан төл мерекелерімен құттықтап, жұмыстарына табыс тілейміз.