Шымкент қаласындағы перинаталдық орталық дәрігерлері толғағы қысқан Украиналық азаматшаны босандырып, сәбиіне күрделі ота жасады. Барлық медициналық шаралар міндетті әлеуметтік сақтандыру аясында тегін көрсетілді.
Щебетун Диана 20-сәуір күні толғағы басталып, жедел жәрдем қызметімен қаладағы перинаталдық орталыққа жеткізілген. Сәби мерзімінен бұрын 33 аптасында дүниеге келді. Толық медициналық тексеруден өткізген жергілікті дәрігерлер нәрестеге «өңештің артрезиясы» диагнозын қойып, күрделі ота жасады. Өңештегі туа біткен ахауды хирургиялық жолмен емдеу операциясы сәтті өтті.
1700 грамм салмақпен туылған ұл бала бүгінде салмақ жинап, 2 келіден асты. Денсаулығы жақсарған анасы мен баласын перинаталдық орталық дәрігерлері бүгін үйіне шығарды.
Айта кетейік, Украинадан келген азаматша Щебетун Диананың мамандығы дәрігер. Ал жолдасы «Қызылжар» футбол клубының ойыншысы. Диана жолдасымен бірге Шымкентке жұмыс бабымен келген. Шымкеттегі жұмыс сапарында жүкті әйелдің мерзімінен бұрын толғағы басталып, перзентханаға жеткізілген болатын.
Өзге елден келген азаматша баласын босандырып, күрделі операцияны сәтті жасап шыққан дәрігерлерге алғысын білдірді.
Айта кететін, жыл басында Шымкент қалалық Перинаталдық орталықта неонаталды хирургия ашылған болатын. Енді емдеу орталығының дәрігерлері тумасынан ауыр дертке шалдыққан науқастарға перзентхана ішінде шұғыл хирургиялық көмек көрсете алады. Неонаталды хирургия ашылғалы бері орталық дәрігерлері жеті сәбиге ота жасап, ажалдан арашалап қалды. Перинаталдық орталық ішінде сәбилерге күрделі операция жасау үшін қажетті заманауи техникалар мен құрал-жабдықтар сатып алынды. Сондай-ақ неонаталдық хирург, анестезиолог-реаниматолог, неонатолог-реаниматолог мамандарымен толықты. Айта кетейік, Перинаталдық орталық жүкті әйелдер мен нәрестелерге жоғары деңгейдегі арнайы медициналық көмек көрсететін қаладағы жетекші медициналық ұйым болып есептеледі.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі