Бүгін «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы және мәслихат төрағасы Бахадыр Нарымбетов партия алаңында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді.
Тұрғындарды қабылдауға фракция жетекшісі Қайрат Имашев, қалалық мәслихат депутаттары , тұрақты комиссия төрағалары Шыңғыс Қозбақов, Мейірлан Керімжанов, қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту, тұрғын үй, сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының мамандары, Абай ауданы әкімдігінің қызметкерлері де қатысты.
Қабылдауға келген тұрғындар әлеуметтік, қоғамдық мәселелерін ортаға салып оң шешуге ат салысуды сұрады. Мәселен, Достық шағынауданының тұрғыны Пердебай Перманов кәріз мәселесін шешіп беруді сұраса, Самал-3 шағынауданының тұрғыны Өмірзақ ата көшеге асфальт жол төселмегенін айтты. Сонымен қатар қабылдауда балалар ойын алаңшасы, жол кедергілері, тұрғын үй кезегі сынды күрмеулі мәселелер айтылды.
Бахадыр Мәдәліұлы келушілерге инфрақұрылым, тұрғын үй-коммуналдық тақырыптар бойынша сұрақтарына түсіндірме беріп, өтініш иелерінің сауалдарына байланысты аудандағы тиісті сала мамандарымен мәселелерді шешу жолдарын талқылап, заң аясында кеңес берді. Барлық азаматтардың өтініші қараусыз қалмайтынын айтып,түбегейлі шешімін тапқанша өз бақылауында ұстайтынын жеткізді.
Еске саларлық, 21 маусым күні «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Бахадыр Мәдәліұлы Нарымбетов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне партияның 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын орындауға бағытталған қалалық Жол картасын таныстырды.
Халықтың өмір сапасын көтеруге, табысын еселеп, өмір сүру жағдайын жасап, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт саласының қолжетімділігін арттыру, экологиялық ахуалды жақсартуды көздеген бағдарламаны орындауға жетелейтін Жол картасы 4 басымдық, 100 тармақ, 452 индикаторлық бағыт пен 43 245 нақты іс-шараларды қамтыйды.
Жол картасы – бұл сайлауалды бағдарламаның әрбір тармағы бойынша көрсеткіштерді, мерзімін және орындаушылары көрсетілген нақты іс-қимыл жоспары. Бағдарламада қаланы дамытудағы өзекті мәселелердің шешілу жолдары белгіленіп, осындай бірнеше бағытқа топтастырылған.
«Қалалық сайлауалды бағдарламамыз тұрғындарды алаңдататын өзекті мәселелері басшылыққа алынып, 10 мыңға жуық өтініштерді зерделей келе дайындалды. Сонымен бірге, сайлауалды науқан кезеңінде үміткерлеріміз қоғамдық қабылдау мен көшпелі кездесулер өткізіп, нәтижесінде 2581 ұсыныс-тілектер келіп түсті. Аталған өтінімдер назарға алынып, Жол картасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Әлі де алдағы уақытта Жол картасына тұрғындардың ұсыныстары мен тілектері келіп түсіп жататын болса, депутаттық сауалдар арқылы жүзеге асыратын боламыз»,- деді Бахадыр Мәдәліұлы.
Жол картасына сәйкес, қалада 90 мың жұмыс орны ашылады, кәсіпкерлік саласында жұмыспен қамтылғандар саны 230 мың адамнан асады, жастар жұмыссыздығының деңгейі 3,2%-ға дейін төмендеп, 18 медициналық мекемелер, перзентхана және көпбейінді аурухана ашылады, 50 мектеп пен 10 қосымша ғимараттар салынады. Үш ауысымды мектептер саны түбегейлі жойылады.