Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесі мен Қаратау ауданы әкімдігінің қызметкерлері Тұран, Шапағат шағын аудандарының ұстаздарымен және жастарымен кездесті.
Ата — бабамыз сонау ерте заманнан бастап бала тәрбиесіне аса мән беріп, үлкен жауапкершілікпен қараған. Ұл балаға ер жігітке тән тәрбиені бойына дарытса, қыз баланың өзіне тән ибалы қасиеттерін бойына сіңірткізіп тәрбиелеген.
Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы «Адамның жақсы болуы тегінде емес, тәрбиесінде, ақылында, өнер-білімінде. Адамға үш алуан адамнан мінез жұғады: ата-анадан, ұстазынан, досынан. Әсіресе олардың қайсысын жақсы көрсе, содан көп жұғады» деген.
Сондықтан жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне барлығымыз ерекше көңіл бөлуіміз керек.
Президент этносаралық келісім экономикаға және адамдардың әлеуметтік жағдайына тікелей әсер етеді деп есептейді.
– Елдегі тұрақтылықты сақтау үшін мәдениет пен білімнің, ақпараттық қауіпсіздіктің маңызы зор. Біз бұл бағыттағы мемлекеттік саясаттың жан-жақты әрі тиімді, яғни инклюзивті болуын қамтамасыз ететін жүйелі шаралар қабылдадық. Осы мақсатта арнайы құрылымдар жасақталды. Дегенмен, этносаралық келісімді нығайту ісінде әрбір министрлік пен мекеме айрықша рөл атқарады. Әсіресе, әлеуметтік саладағы саясаттың орны бөлек. Шын мәнінде, этносаясатқа құзырлы органдар ғана жауап бермеуі керек. Алдағы міндеттерді табысты орындау үшін мемлекет пен қоғам бірлесе жұмыс істеуі қажет. Сонда ғана біз халқымыздың береке-бірлігін сақтап, мемлекетімізді нығайта аламыз. Тұрақты дамудың және өсіп-өркендеудің бірден-бір жолы – осы, – деді Мемлекет басшысы.
Ашық форматта өткен кездесуде қоғам тұрақтылығын сақтау, елдің ішкі бірлігін нығайту, өзара сыйластықты арттыру, жастар арасындағы тәрбие, жастардың әскери борышты өтеуі, отансүйгіштікке баулу, әлеуметтік желілерде ұлтаралық алауыздыққа жол бермеу жөнінде айтылып, өзара пікір алмасулар жасалды.