Үшінші мегаполистің Тұран ауданында «Мектепке жол акциясы» өтті, деп хабарлайды R-factor.kz ақпарат агенттігі.
«Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының құрамындағы Тұран ауданы әкімінің аппараты мемлекеттік мекемесінің бастауыш кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен Шымкент қаласының Тұран ауданы аумағына қарасты жағдайы төмен, ата-анасынан айрылған және көп балалы отбасылар тобындағы 110 балаға демеушілер тарапынан мектепке қажетті кеңсе заттарымен жабдықталған сөмкелер табысталды.
Балаларға көңіл күй сыйлау мақсатында Avatariya ойын-сауық орталығындағы аттракциондарда ойнатып, цирктік бағдарламалар көрсетілді.
«Мектепке жол» акциясы Тұран ауданында алғашқы рет өткізілуде.
Іс-шараға демеушілік жасаған «Жабық базарына», «Көмеш бұлақ базарына», «Тұлпар базарына», «Әл-Фараби» сауда орталығына, «Avatariya» ойын-сауық орталығына, «Shymkent Concert» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне, жеке кәсіпкер Ахан Бейсенбаевқа, жеке кәсіпкер Балтабай Асановқа, мәслихат депутаты Дулат Куашбаевқа, жеке кәсіпкер Мақпал Абильдаеваға шексіз алғысымызды білдіреміз.
Әлеуметтік жағынан қорғалмаған отбасы балаларына қолдау көрсету мақсатында дәстүрге айналған «Мектепке жол» республикалық акциясы биыл «Балаларға бірге көмек берейік!» атты айдармен өткізілуде. Акция еліміздің барлық өңірлерінде ағымдағы жылдың 1 тамызы мен 30 қыркүйек аралығында өтеді.
Еске салайық, биыл міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар өзгертілген. Атап айтқанда, қазір мектеп оқушылары поло жейде және футболка, водолазка, сондай-ақ түймелері немесе ілгегі бар тоқылған жемпір/кардиган кие алады. Сондай-ақ, галстук енді міндетті элемент емес.
Министрлік орта білім беру ұйымдарының міндетті мектеп формасы білім берудің зайырлы сипатына сәйкес келетінін еске салды. Мектеп формасы күнделікті, салтанатты және спорттық болып бөлінеді.
Ұл балаларға арналған мектеп формасына пиджак, жилет, шалбар, күнделікті және салтанатты жейде, түймесі немесе ілгегі бар жейде/кардиган, поло жейде немесе футболка (қысқы кезең: тоқылған жилет, водолазка) кіреді.
Қыздарға арналған мектеп формасына пиджак, жилет, белдемше, шалбар, классикалық жейде, түймелері не ілгегі бар тоқылған күртеше/кардиган, поло жейде немесе футболка (қысқы кезең: тоқылған жилет, сарафан, водолазка) кіреді.