• Пн. Ноя 25th, 2024
Популярные метки

Тұмау және ЖРВИ ауруларының алдын алу

Автор:admin

Ноя 12, 2023
Spread the love

Тұмау жыл сайын көптеген елдерде эпидемиялық сипатта таралатынжаһандық инфекция. Бұл аурудың эпидемиологиялық маусымы күз, қыс, көктем мезгілдерін қамтиды. Қазақстанда, әлемнің басқа елдеріндегідей тұмау және ЖРВИ денсаулық сақтаудың өзекті мәселелерінің бірі болып табылады.

Тұмау – бұл жіті респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) тобына кіретін вирус арқылы туатын жіті ауру. Қазақстанда жыл сайын эпидемиологиялық кезеңде ЖРВИ-мен және тұмаумен 800 мыңнан 1 миллионға дейін адам ауырады. Тұмауратқан адамдардың саны артқан сайын, тұмаудың асқынуы да өршиді, бұл – заңдылық.  Вирустар ауадағы белсенділігін төрт сағатқа дейін сақтайды. Олар төмен температураны «жақсы көреді» – плюс 4°С-ге жуық температура (тұрмыстық тоңазытқыштағы жағдай) оңтайлы болып табылады. Яғни, осы температура кезінде вирус ұзақ сақталады. Сілекей мен қақырық тамшыларында болатын тұмау вирусы, осы тамшылар төсек-орында, жұмыс үстелінде және тағы басқа жайларда кепкен соң және оларға сіңгеннен кейін екі аптаға жуық, ал бөлме шаңында бес аптаға дейін белсенділігін жоғалтпайды. Бөлмелерді жиі желдетіп тұруды ұмытпаған жөн. Жоғарғы тыныс жолдарына түскен кезде вирус жасушалардың қабықшаларын зақымдап, оның ішіне кіреді. Жасушалардың ішінде вирус тез көбейеді. Олар жоғарғы тыныс алу жолдарынан шыққаннан кейін жасушалар бұзылады.

Қызылорда облысы бойынша 2022-2023 жылғы эпидмаусымда жіті репираторлы вирусты инфекциясын жұқтыурдың 17396 жағдайы есепке алынды. Ауруға шалдыққандардың  65,8 пайызы – 14 жасқа дейінгі балалар, оның ішінде 13,3 пайызы – 1 жасқа дейінгі балалар арасында тіркелді. Ауруханаға жатқызу көрсеткіші 15 пайызды құрады, оның ішінде 17 пайызы – жүкті әйелдер,  23  пайызы – 1 жасқа дейінгі балалар.

2022-2023 жылғы эпидмаусымда (40-02 апта аралығында) жалпы облыс бойынша ЖРВИ-мен сырқаттанушылықтың ауыр ағымындағы 2098 науқастың сынамасы ПЦР әдісімен тексерілді. Нәтижесінде зертханалық жолмен тұмау ауруының 354 жағдайы нақтылады. Басым бөлігі, яғни 74,4 пайыз облыс орталығында тіркелді. Анықталған 354 тұмау вирусының 75 пайызы В штамына сәйкес келсе, қалған25 пайызы А (H1N2) түрінің үлесінде.

Тұмау емес вирусты анықтау мақсатында 1805 сынама зерттеумен қамтылып, нәтижесімен 17 тұмау емес вирустар анықталды, оның ішінде басым көпшілігі  аденовирус түрі.

Тұмау ауруының алдын алудағы ең тиімді әдіс – вакцинация. Вирусқа Иммундау науқаны жыл сайын күзде басталады. Бұл екпе аурудың ауыр түрлерін, ауруханаға түсу жағдайларын, өлім-жітімді төмендетеді, тұмауды жұқтырып алу қаупін сейілтеді, жалпы эпидемиологиялық ахуалды тұрақты ұстап тұруға өз септігін тигізеді.Вакцинация қауіпсіз. Вакцинациядан кейін кейбір адамдарда екпе жасаған жерде қызару және ауырсыну, бас ауыруы және бұлшық ет ауыруы, азғана дене қызуы, әлсіздік және жүрек айнуы сияқты жанама әсерлері болуы мүмкін. Бұл әсерлер тез жойылады.

Тұмаудың алғашқы симптомдары – мұрынның бітелуі және тамақтың жыбырлауы осыған байланысты. Жасушалардан шыққаннан кейін кейбір вирустар қанға өтеді және қанмен бірге ары қарай бүкіл организмге таралады. Және де қан тамырларын және ішкі органдарды зақымдайды. Қан тамырларының өзгерістері өкпеде және мида байқалады. Тұмау вирусы адам ағзасының иммунитетін төмендетеді. Инкубациялық кезең бірнеше сағаттан бастап 2-3 күнге дейін созылады. Тұмаудың жеңіл түрімен ауыру ұзақтығы – бір апта. Дене қызуының 40 градусқа дейін көтерілуі, қалтырау, әлсіздік, көз қарығу, буынның және бұлшық еттің, бастың және тамақтың ауруы, жөтелу, мұрынның бітелуі аурудың негізгі белгілері болып табылады. Тұмаудың асқынуларына құлақ, тамақ, мұрын аурулары, жүйке жүйесіне байланысты асқынулар, сондай-ақ, созылмалы аурулардың: жүрек-қан-тамырлық, өкпе, бронх тарапынан, қант диабеті және эндокриндік жүйенің басқа да ауруларының өршуі жатады. 2 жасқа дейінгі балаларда, созылмалы аурулары бар және жасы үлкен адамдарда тұмау ауыр түрде өтеді. Сондай-ақ, ерекше қауіптілік тобына жүкті әйелдер де жатады.  Балалар мен жүкті әйелдерді емдеу тек дәрігердің тағайындауы бойынша және дәрігердің бақылауымен жүргізілуі керек. Тұмаудың алғашқы белгілері байқалған соң, дәрігерді үйге шақырған жөн. Кез келген аурудың алдын алған дұрыс.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сырқаттанушылықты, асқынуларды және өлім-жітімді айтарлықтай азайтатын, халықты тұмаудан қорғайтын тиімді іс-шара ретінде тұмауға қарсы вакцинациялауды ұсынды. Тұмауға қарсы егілгендерде инфекция жеңіл өтеді, асқынулар мен өлім-жітім жиілігі азаяды. Қазақстанда жыл сайын тұмауға қарсы егілушілер саны өсіп отыр. Егілгендер арасында вакцинадан кейінгі асқынулар байқалмады.  Дүние жүзінде тұмауға қарсы вакцинаның қауіпсіздігін көрсететін, жүктіліктің өтуіне және балаға теріс әсер етпейтін көптеген зерттеу жүргізілді. Тұмаудан сақтану үшін онымен сырқаттанушылар көбейген кезде халық көп жиналған орындарда болмауға, салқын тигізіп алмауға тырысу қажет және ауа райына сәйкес киіну керек. Сол сияқты, таза ауада серуендер алдында немесе көшеге шығар кезде мұрныңызға оксалин майын жағып алсаңыз, тұмау немесе басқа ЖРВИ вирустарының тыныс жолдарына енуі күрт төмендейді.

Қолыңызды жиі сабындап жуыңыз немесе қолды дезинфекциялау құралын қолданыңыз, әсіресе аузыңызға, мұрныңызға тиген жағдайда.
Тұрғын үй-жайларға таза ауа ағынын көбейтіңіз, терезелерді мүмкіндігінше жиі ашыңыз. Науқас адаммен байланыста болған кезде маскаларды қолданыңыз. Салауатты өмір салтын ұстаныңыз, соның ішінде дұрыс ұйықтау, «пайдалы» тағамдарды жеу, физикалық белсенділік.
Халықты профилактикалық иммундау (вакцинация) – тұмаудың ең жақсы алдын-алу. Өз кезегінде, вакцинациядан бас тартудың ең маңызды қауіпі – науқас адаммен байланыста болған кезде тұмаумен ауыру қауіпі. Сонымен қатар, вакцинациядан өтпеген адам айналасындағылар үшін қауіпті болуы мүмкін, өйткені ол жұқпалы аурудың ықтимал тасымалдаушысы болып табылады.
ЖРВИ белгілері бар адамдарға арналған ұсыныстар. Егер сіз өзіңізді нашар сезінсеңіз, үйде болыңыз және дәрігердің ұсыныстарын орындаңыз, мүмкіндігінше сау адамдардан қашықтықта болыңыз.
Жөтелгенде немесе түшкіргенде ауыз бен мұрынды орамалмен немесе осы мақсатқа сай басқа материалдармен жабыңыз. Бұл материалды қолданғаннан кейін бірден тастаңыз немесе жуыңыз. Тыныс алу жолдарының секрецияларымен байланыста болғаннан кейін бірден қолыңызды жуыңыз! Егер сіз үйдің жалпы аумағында басқа адамдарға жақын болсаңыз, маска кию керек.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика