Түркістан табысы дамыған экономикалық жағынан белсенді, әлеуеті артқан өңірлердің біріне айналып келеді. Түркістан облысының ордалы облыс болып, өз экономикасын қарыштатып дамыту шараларына кешенді жоспарларды біртіндеп жүзеге асыру қолға алынуда. Ер түріктің бесігі атанған Түркістанның облыс орталығы болғанына да 4 жыл. Иә, 2018 жылдың 19 маусымы ел жадында жаттаулы. Осы күні Қазақстанның Тұңғыш Президентінің Түркістан облысын құру туралы Жарлыққа қол қойып, облыс орталығы етіп Түркістан қаласын бекітті. Бүгінде өңір қарқынды дамудың жолына түсіп, облыс орталығы жаңа кейіпке еніп келеді. Түркістанға бірінші рет келген адам қаланың өзіне тән ерекше аурасын, қасиетін сезінеді. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен жанындағы тарихи орындар өзгеше бір сырлы әлемге, оқшау ортаға жетелейді. Бүгінгі қаланың тарихи, рухани болмысы бөлек.
«Екі-үш жылдың ішінде Түркістан жайнап, басқа қала болып, еңсесі көтеріліп, бәріміздің қуанышымызға өсіп-өркендейтін болады» деген сөзі ақиқатқа айналып келеді. Киелі қалада құрылыс қарқын алып, ел мақтанышына айналатын іргелі нысандар бой көтеріп жатыр. Бүгінде Түркістан тұрғындарының тұрмыс-тіршілігінде, қоғам өміріне көзқарасында оң өзгеріс көп. Аз уақытта жаңа шағын аудан салынып, көне шаһар көркейіп, абаттандырылды. Облыс орталығының дамуы аудандарға оң ықпалын тигізді. Өңірде ауыл шаруашылығында жаңа бастамалар қолға алынып, аз қамтамасыз етілген тұрғындарды әлеуметтік қолдау бағытындағы тың бағдарлама жүзеге асырылды. Түркістан руханиятқа оң ықпал етіп, кәсіпкерліктің дамуына жол ашты. Екі бірдей қаланың қайта түлеуіне мүмкіндік берді. Жалпы, өңір халқы тарихи шешімді дер кезінде қабылдағанын айтып, мұсылман әлемі қадір тұтатын Түркістанның екінші тынысының ашылуын ғасырдың жағымды жаңалығына балап жатыр.
Алғаш болып, яғни екі жыл бұрын 17 тамызда жаңа атауға ие болған облыс әкімдігінің құрамы мен аумақтық орган өкілдері Шымкенттен жаңа облыс орталығы – Түркістан қаласына көшіп келді. Ғасырлар бойы Қазақ хандығының астанасы болған, тоғыз жолдың торабында орналасқан Түркістанға облыс орталығының көшірілуінде үлкен мән болғаны анық. Бұрынғы Ұлы Жібек жолының бойында қоныс тебуінің өзі бұл шаһардың стратегиялық маңызы зор екенін білдіреді. Сол себепті Түркістанды Түркі әлемінің рухани әрі мәдени астанасына айналдыру мүмкіндігі көп.
Бүгінде аталған тарихи бастамасын жалғастыруды қолға алған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Түркістанды дамыту мақсатында Үкімет пен жергілікті әкімдік қыруар жұмыс жүргізуде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ең алғашқы сапарын осы Түркістаннан бастағаны ел есінде. «Бүгін мен түркі дүниесінің рухани астанасы – Түркістанға тағзым ету үшін арнайы келдім. Түркістан – еліміздің алтын бесігі, мәдениетіміз бен руханиятымыздың символы және бүкіл халқымыздың бойтұмары. Бұл қасиетті жерді көзіміздің қарашығындай сақтап, дамытуымыз керек. Бұл қалаға ерекше мәртебе беру туралы шешімі кездейсоқ емес.
Түркістанды түлетіп, өркендету мәселесі әрдайым Тұңғыш Президентіміздің назарында болады. Ежелгі Түркістанның жаңғыруы және жаңаруы даму жолымыздың дұрыстығын көрсетеді. Президент ретіндегі алғашқы сапарымның Түркістаннан басталғаны мен үшін аса маңызды», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Үкімет деңгейінде Түркістан қаласын дамытуға және облыстың келешегін қалыптастыруға бағытталған заң мен 5 қаулы қабылданды. Ал облысты дамытудың 2024 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық бас жоспарына сай 5 жылға 1 трлн 236 млрд теңге бөлінді. Түркістанға сапарында тұрғындармен кездесіп: «Тәуелсіздік алғаннан соң Түркістанды астана ретінде қарастырдым. Бірақ өздеріңіз білетіндей, жағдай бұған жол бермеді. Бүгін бұл қала облыс орталығына айналды, шаһарды жандандыру жұмыстары жүргізілуде. Барлық жоспарланған нысандардың құрылысы аяқталғаннан кейін біз туристердің көбеюін күтеміз. Сонымен қатар қосымша жұмыс орындары ашылады. Мұның бәрі біздің халқымыздың өмір сүру деңгейіне оң әсер етеді», деген болатын. Түркістан қаласында әкімшілік-іскерлік орталықтың капсуласын салған тарихи сәтке арнап орнатылған ескерткіш тасбелгіге «Көне Түркістан жаңа Қазақстанның шырайлы шаһарына айналады» деп жазды.
Сондай-ақ 2018 жылы 29 қыркүйекте Түркістанға Үкімет басшысынан бастап, министрлер мен елдегі алпауыт компаниялардың жетекшілерін де, шетелдік инвесторларды да ерте келген «Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту бойынша бас жоспардың тұжырымдамасын мақұлдау» және «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағын құру туралы» Жарлықтарға қол қойды. Түркістан қаласында арнайы мәжіліс өткізіп, еліміздегі алпауыт компаниялар мен ел Үкіметіне Түркістанды дамытуға үлес қосу жөнінде тапсырма берді. Облыс әкімдіктері мен ірі компанияларға 26 нысанды салу міндеті жүктеліп, өткен жылдың өзінде оның бірқатарының құрылысы аяқталып үлгерді.
Түркістанның идеологиялық бағыты да жұртшылыққа жария етілді. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев облыстық мәслихаттың сессиясында идеологиялық ұстанымның бірінші басымдығына сәйкес қалаға келген әрбір адам күллі Қазақ мемлекетінің басынан өткен тарихи оқиғалардан мағлұмат алатындай болуы тиіс екенін нақтылады. Екіншіден, бүгінде қалада қолөнер орталығының құрылысы жүргізілуде. Алдағы уақытта қазақ халқының ұмыт қалған қолөнері мен зергерлік өнері, ұлттық құндылықтары мен кәсіп түрлері қайта жанданып, ірі кәсіпорындар ашылады. Үшіншіден, Түркістан өркениет, сауда және өндіріс орталығы ретінде дамиды. Тоғыз жолдың торабында орналасқан шаһарды ірі сауда, өнер, туризм орталығына айналдырудың кешенді тетіктері дайындалады. Төртіншіден, «Қожа Ахмет Ясауи – рухани тұлға» бағыты бойынша Түркістанда республикалық және халықаралық деңгейдегі іс-шаралар қолға алынбақ.
Үкімет тапсырмасы бойынша жаңа Түркістанда Ясауи музейі салынып жатыр. Шаһардағы 15 нысанның құрылысы биыл толық аяқталып, пайдалануға беріледі. Сондай-ақ биыл Түркістанда «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының аясында мемлекеттік бюджет есебінен 158 нысанның құрылысына 36,6 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде 40 арендалық, 88 кредиттік тұрғын үй, 30 инженерлік инфрақұрылым нысандарының құрылысы жүргізілуде. Мемлекеттік бюджет есебінен сатып алу құқығынсыз арендалық 40 көпқабатты тұрғын үйлер бой көтеруде. Жыл соңына дейін жоспар бойынша 978 пәтерлі 18 тұрғын үй пайдалануға берілмек. Әлеуметтік кредиттік тұрғын үйді дамыту бағытында 7 қабатты 48, 72 және 84 пәтерлі 24 тұрғын үй салынуда. Жыл соңына дейін 1452 пәтер тапсырылады. Яғни биыл Түркістанда 70 нысан пайдалануға беріліп, нәтижесінде 2430 отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі. Ал 3604 жеке жер учаскелеріне инфрақұрылым жүйелері жүргізіледі.
Бес бағыт және өзгелерге үлгілі Түркістан
Облыс құрылған алғашқы айларда-ақ өңірді жан-жақты дамыту жолында 5 бағыт айқындалған еді. Бұлар – Түркістан қаласын дамыту, Түркістан облысының мәдени-рухани саласын, аудан, қала және ауылдарды, агроөнеркәсіп кешенін және индустриялық аймақтарды дамыту. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасымен өңірдің кешенді даму жоспары қайта қаралып, өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Жоспарлар нақтыланып, инфрақұрылымды жақсарту бағытында тиянақты жұмыстар қолға алынды. Қаланың ескі бөлігін дамыту мәселесі де жүйеленіп, инфрақұрылымын дамыту, су және газ, кәріз жүйелеріне жөндеу жұмыстары басталды. Артезиан сулары тартылып, арық-атыздардан су аға бастады. Көшелер жөнделіп, жарықшамдар орнатылды. Екі жыл көлемінде Түркістан облысы ауыл шаруашылығы, құрылыс, мәдениет, спорт, инвестиция тарту және өзге де салаларда ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жетті. Ал Түркістан қаласын жасыл қалаға және ауа райы қолайлы аймаққа айналдыру мақсатында шаһардың айналасында «Жасыл белдеу» қалыптастыру жұмыстары жалғасуда. Қаланың Бас жоспарына сәйкес, өткен жылы шаһар айналасынан 7 700 гектар алқапқа «Жасыл белдеу» құрылған болатын. 3,5 мың гектар жерге өңір табиғатына бейім 7-8 түрлі ағаш, ал биыл жыл басынан бері қала аумағында 1235 гектарға 1 млн 387 мың түп көшет отырғызылды. Жалпы облыс бойынша 2021 жылға дейін 3,5 млн көшет егу жоспарланып отыр.
Өңірді әлеуметтік-экономикалық дамыту тұрғысында азық-түлік белдеуін қалыптастыру және су нысандары жобалары іске асырыла бастады. Киелі Түркістан қаласының айналасында құрылған азық-түлік белдеуінің аумағы – 11 мың гектар. Мұнда негізінен құны – 27 млрд теңге 6 ірі инвестициялық жоба жүзеге асады. Бұл жобалардың алды өткен жылы басталған. Өңірде ағын су тапшылығын шешу мақсатындағы кешенді жоспар аясында 5 ірі су нысанында құрылыс жұмыстары басталды. Облыста тиімділігі дәлелденген жаңбырлатып суару тәсілі кең көлемде қолданысқа енуде. Қазіргі таңда 800 гектар алқапқа жаңбырлатып суару технологиясын орнату жұмыстары жүргізілген. Жалпы жоба шеңберінде 1 мың гектар алқапқа жаңбырлатып суару технологиясымен құны 31,6 млрд теңге болатын 7 ірі инвестициялық жоба іске асырыла бастады. Түйе шаруашылығының дамуына да ерекше көңіл бөлініп отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп мақта саласын дамыту бойынша арнайы бағдарлама әзірленуде. Нәтижесінде мақта өңдеу зауыттарының технологиясы жаңартылып, айналым қаражаттары толықтырылады. Мақта бағасын нарықтық реттеуге қол жеткізілді.
Ал Түркістан қаласындағы қарқынды құрылыс, игі бастамалар облыс аумағына үлгі болып отыр. Сөзімізге бір ғана мысал, Түркістанның облыс орталығы мәртебесін алуы көршілес Кентау қаласына да оң әсерін тигізуде. Өткен жылы қала бюджетінің кіріс бөлігі 40 млрд теңгеге орындалған. Қала экономикасына тартылған инвестиция көлемі 24,4 млрд теңгеге жеткен. Деректерге жүгінсек, мұндай көрсеткіштер 65 жылдық тарихы бар қалада бұрын-соңды болмаған екен. Кентаудағы индустриалды аймақта 2,9 млрд теңгеге 10 жобаны іске қосу жоспарланған. Осылайша киелі Түркістан бүкіл өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер етуде.
Тарихи Жарлық шыққан 2 жылға жуық уақыт ішінде Түркістан дамудың жаңа сатысына қадам басты. Бұл уақыт аралығында облыс жеткен жетістіктер аз емес. Әрі қарай да ел игілігі үшін атқарылатын шаруа шаш-етектен. Аграрлы аймақ болып саналатын Түркістан облысында осы саладағы еңбек өнімділігін арттырып, дамыту үшін нақты нәтиже беретін 3 негізгі бағытта жұмыс жүруде. Жуырда өткен Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин алға қойған міндеттердің орындалуына Түркістан облысын мысал ретінде келтіріп, ол 4 жыл ішінде ауыл шаруашылығы өндірісін 3 есеге арттыру бойынша кешенді жоспар барын өзге өңірлерге үлгі ете айтқан болатын. Бірінші бағыт – агроқұрылымдарды ірілендіре отырып, заманауи озық технологияларды енгізу. Екінші бағыт – кооперативтерге бірікпейтін 2-3 гектар жері бар агроқұрылымдар үшін бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу жобасын енгізу. Үшінші бағыт – жеке қосалқы шаруашылықтардың ауласына тамшылатып суару технологиясын енгізу арқылы ерте пісетін көкөніс, картоп, бақша өнімдерін өндіру. Бұл бағыттар бойынша атқарылып жатқан жұмыстар оң нәтиже бере бастады. Ал өңірде кеңінен қолданыла бастаған жаңбырлатып суару тәсілінің артықшылықтарын түсініп, қыр-сырымен танысқан Жамбыл облысының сала мамандары бұл әдіске қызығушылық танытып отыр.
Бірлігі бекем облыстың іргесі берік
«Түркі әлеміне әйгілі ғұлама, дін және қоғам қайраткері Қожа Ахмет Ясауи мен қазақ хандары мен билері, батырлары мен ұлы тұлғалары мәңгі қоныс тапқан Түркістанның өзіне тән ерекше қуат көзі мен адамға жігер беретін қасиеті бар. Сондықтан осы қалада өмір сүру, қызмет ету – басқа қонған бақ», деген-ді Өмірзақ Шөкеев алқалы жиындардың бірінде. Сол киелі қаланың берген ерекше қуаты мен жігері облыс әкімінің өңірді дамытуда өз қарым-қабілетін сарқа жұмсауында шаршатпады, екі жылда болған екі үлкен апатта жүрісінен жаңылдырмады, жедел шешім қабылдауда қателікке ұрындырмады, қиналған халықтың қасына жылдам жеткізді. Иә, өкінішке қарай жаңа құрылған облыста өткен жылы 24 маусым күні таңертең Арыстағы әскери бөлімшедегі оқ-дәрі қоймасында жарылыс болды. Орын алған оқиға салдарынан үш адам қаза тапты, 170-ке жуық адам зардап шекті, 20-ға жуық үй, 9 қора-қопсы жанып, далалы аумақта 14 ошақ тұтанды. Үй-жайлар мен ғимараттардың 80-90 пайызына әртүрлі деңгейде зақым келді. Түркістан облысына арнайы келген Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарылыстан зардап шеккен тұрғындармен кездесуінде қаланың қалпына келтірілетіні жөнінде берген уәдесі орындалды. Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин тұрғындарға барлық көмек көрсетілетінін мәлімдеді. Келтірілген залалдың көлемі есептеліп, Үкімет резервінен қаржы бөлінді. Арыс тұрғындарына еліміздің барлық облыстарынан қолдау көрсетілді. Барлық өңірден гуманитарлық көмек тиелген көліктер Арысқа қарай ағылды. Арнайы ашылған қорға қарапайым тұрғындардан, кәсіпкерлер мен ұйымдардан, мемлекеттік мекемелерден түскен қаржы қаншама! Мұндай ынтымақ пен бірліктің белгісіндей болған көмектің Мақтаарал ауданында болған тасқын су зардабы кезінде де жасалғанын айта кетелік. Президенттен бастап сала министрлері, облыс, қала әкімдеріне дейін қиын сәтте халықтың қасынан табылып, қолдан келген мүмкіндіктерді жасады. Халыққа жақындығын білдірді. Осылайша апат халықтың бірлігі мен ынтымағын сынақтан өткізгендей де болды. Шұғыл әрі дұрыс шешімдер қабылданып, барлық мәселе ортаға салынды, зардап шеккендер далада қалмады. Билік пен бұқара бірлесе жұмыс істеді. Кеңседегілерді ел ішіне шығарған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жұмыс кабинетін уақытша Арысқа ауыстырды. Әкім осы бір қиын сәтте ұйымдастырушылық, талапшылдығы мен іскерлігін кезекті рет танытты. Қалпына келтіру жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтау мақсатында 144 құрылыс компаниясы, 3,8 мыңнан аса жұмысшы және 211 арнайы техника жұмылдырылды. Арыс қаласында жөндеуді қажет еткен жалпы 68 әлеуметтік нысанның төртеуі жаңадан салынып, 64-інде қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Арыс жаңарып, аз уақытта еңсесін тіктеді, тұрғындар тіршілігін жалғастырды.
Ал мамыр айының алғашқы күні Өзбекстандағы Сардоба су қоймасының бөгеті бұзылды. Қазақстанға шекаралас Сырдария облысында орналасқан су қоймасы дамбасының бұзылуы Түркістан облысы Мақтаарал ауданына да елеулі залалын тигізді. Алғашқы күні ауданның бірқатар елді мекендерін су басып, тұрғындары қауіпсіз аймаққа көшірілді. Мақтааралдағы жағдай алғашқы сәттен-ақ Мемлекет басшысының бақылауына алынды. Ауданға шұғыл жеткен облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жағдайға қаныққан соң мәлімдеме жасап, эвакуацияланған тұрғындар былтырғы Арыстың тәжірибесіне сәйкес тиісті медициналық қызмет, азық-түлік секілді барлық заттармен қамтамасыз етілетінін айтты. Барлық жұмыс Арыстағы тәжірибеге сай алгоритмде істелді. Зардап шеккен үйлер сүріліп, бүгінде үш ауылды біріктіре, яғни барлық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген, жаңа шағын аудан бой көтеруде. Су басқан елді мекендердің тұрғындарына үй салып жатқан құрылыс компанияларында 1475 азамат еңбек етуде. Олардың 810-ы – тасқын судан зардап шеккен ауыл тұрғындары. Ал Өргебас ауылындағы 197 үйдің барлығы жаңадан салынып жатыр. Су шайған ауылдардың барлығында инфрақұрылым толығымен жаңартылуда. Табиғат танытқан тосын мінез, яғни нөсерлете жауған жаңбыр салдарынан Түркістан облысының Төлеби, Қазығұрт, Сайрам, Ордабасы, Бәйдібек аудандарында су тасқыны орын алып, бірқатар ауыл зардап шекті. Ең көп зардап шеккен Төлеби ауданында 6 елді мекендегі 215 тұрғын үйдің ауласына кірген. Бүгінде апатты деп танылған 38 баспана толық сүріліп, қайта салынуда. Құрылыс жұмыстары шілде айына дейін толық аяқталмақ. Осындай қиындықтардан облыс халқы мемлекеттің, қалың жұртшылықтың қолдауымен сүрінбей өтті, ел бірлігінің бекемдігін, ынтымағын, бауырмалдығын көрсетті.
Түркістаннан таралған «Қамқорлық»
«Түркістан шаһары кезінде Ұлы Жібек жолының бойындағы өзгеше өрісті, кестелі һәм келісті, басшылары да, қосшылары да иманды, ұлдары намысты, қыздары ибалы, қай-қандай өлшемдермен қарағанда да қайырымды қала болған. Әл-Фараби бабамыз «Қайырымды қала тұрғындары…» туындысында әмірші әкімдер де, қарапайым тұрғындар да алғыр, аңғарымпаз, ғылымға, өнер-білімге құштар, сауыққұмарлықтан, жалғандықтан аулақ болмағы керектігін ерекше ескертеді. Түркістан шын мәнінде текті төрге, қайырымды қалаға айналуы тиіс. Сонда ғана сакралдылық сапасы артады», дейді жазушы-драматург, «Алаш» сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұт. Осы орайда Түркістан облысында қайырымдылықты дәріптейтін, бауырмалдыққа баулитын тың бастама жүзеге асырылғанын айта кетелік. Иә, жүзеге асырылған бұл әлеуметтік жоба да өзге өңірлерге үлгі етерліктей. Өңірде «Аманат» партиясының бастамасымен өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды кедейлік деңгейден шығуға ұмтылдыратын «Қамқорлық» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Тиімді жұмыспен қамту және кәсіпкерлік қызметті дамытуға ерекше назар аударылған. Тұрақты табыс көзімен қамтамасыз етіп, отбасыларды өмірлік қиын жағдайдан кезең-кезеңмен шығаруды көздейтін бағдарлама аясында жүргізілген жұмыстар нәтижесінде жағдайы тым төмен, кризистік және қанағаттанарлықсыз деңгейде өмір сүріп жатқан 1643 отбасы анықталып, олардың әрқайсысына материалдық көмек пен қажетті кеңес беретін арнайы кураторлар тағайындалған еді. Бағдарлама басталған алғашқы айларда 900-ден аса отбасыға 45 млн теңгенің демеушілік көмегі көрсетіліп, 4 отбасыға кәсіпкерлер тарапынан үй сатып алынды. «Қамқорлық» жобасы аясында қиындық шегіндегі отбасыларды сауықтыру жүйелі түрде 4 мәселені қамтыды. Яғни қажетті азық-түлікпен қамту, науқастары болса толыққанды медициналық көмек көрсету, ауруханаға жатқызып емдеу, жұмысқа орналастыру, мамандығы жоқ болса кәсіптік білімге оқыту шаралары атқарылды. Жобаға жергілікті бюджеттен 1,6 млрд теңге көлемінде қаржы қаралды. Әсіресе бұл жоба әлеуметтік жағдайы осалдау, көпбалалы отбасылар бойынша республикада алдыңғы орынға шығатын Түркістан өңірі үшін аса маңызды болғаны анық. Өңірдің ертеңін жарқын ететін инвестициялық жобалар да аз емес. Мысалы, 2020 жылдың 1-тоқсанында «Turkistan Invest» компаниясымен бірге жалпы құны 23,18 млрд теңге болатын 7 жоба, оның ішінде 1,7 млрд теңге сомасына 5 жоба өнеркәсіп саласында, 21,5 млрд теңге сомасына 2 жоба энергетика саласында жүзеге асырылды. Сол арқылы 197 жұмыс орны ашылды. Жалпы биыл өңірде 397,7 млрд теңге болатын 97 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Яғни, 5 508 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Оның ішінде шетелдік компаниялардың қатысуымен жалпы сомасы 268,8 млрд теңге болатын 14 жоба аясында 2 660 жұмыс орны құрылады. Жоспарланған жобалардың басым бағыттары ретінде агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, «Жасыл экономика», химия өнеркәсібі және әлеуметтік нысандар құрылысы аталуда.
R-ақпарат