Түркістан облысында халықтың әл-ауқатын арттыру, жайлы әрі қауіпсіз қалалық орта қалыптастыру мақсатында кешенді инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұл бағыттағы жұмыстар өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауында. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, құрылыс сапасы, нысандардың уақытылы аяқталуы, сондай-ақ қоғамдық кеңістіктердің қолжетімділігі мен экологиялық тиімділігі – барлық жобалар үшін негізгі басымдықтар қатарында.
Осы орайда облыс әкімі кезекті жұмыс сапары барысында Түркістан қаласында жүріп жатқан бірқатар ірі құрылыс нысандарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Жауапты сала жетекшілері мен мердігер ұйымдардың өкілдері өңір басшысына егжей-тегжейлі есеп беріп, жоспарланған жобалар мен олардың іске асырылу кезеңдері таныстырылды.
ҚАБАНБАЙ БАТЫР ЕСКЕРТКІШІ АУМАҒЫ ЖАҢҒЫРТЫЛАДЫ:
Түркістан қаласының тарихи келбетін сақтау мен заманауи талаптарға сай инфрақұрылым қалыптастыру бағытында қолға алынған жобалардың бірі – Қабанбай батыр ескерткіші орналасқан аумақты абаттандыру. Бұл бастама тек ескерткіш аумағын ретке келтірумен шектелмей, тұрғындар мен туристер үшін тартымды демалыс орнына айналдыруды көздейді.
Жоба шеңберінде шахмат алаңы, заманауи аяқжол, ыңғайлы орындықтар мен қоқыс жәшіктері, қоршау элементтері, сондай-ақ көгалдандыру жұмыстары қарастырылған. Әкім жобаның маңызды әлеуметтік және мәдени мәнге ие екенін атап өтіп, экологиялық үйлесімділік пен сәулет талаптарының сақталуы қажеттігін қадап айтты. Қаланың көрнекі нысандары мен қоғамдық кеңістіктері біртұтас стильде жаңғыртылып, Түркістанның Дизайн кодына сәйкестендірілмек.
ТЕМІРЖОЛ БОЙЫНДА ЖАҢА ЖОЛАУШЫЛАР КӨПІРЛЕРІ САЛЫНУДА:
Түркістан қаласы соңғы жылдары ірі туристік және көлік-логистикалық орталыққа айналуда. Осыған байланысты теміржол инфрақұрылымын жетілдіру, жолаушылар үшін қауіпсіз әрі ыңғайлы жағдайлар жасау – күн тәртібіндегі маңызды мәселе. Бұл ретте қазіргі уақытта қаладағы теміржол бойында екі бірдей жолаушылар көпірі салынып жатыр.
Облыс әкімі құрылысы жүріп жатқан көпірлердің біріне арнайы барып, нысанның сапасына қатысты бірқатар ескертулер жасады. Мердігер мекеме мен техникалық қадағалаушы компания өкілдеріне жұмыстың стандартқа сай орындалуын және қатаң бақылауда болуын тапсырды.
Аталған көпірлердің бірі 117 метр, ал екіншісі 46 метр ұзындықта болады деп жоспарланған. Қос нысан да 2024 жылдың соңына дейін толық аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде. Құрылыстың қаржыландырылуы қамтамасыз етілген, қазіргі таңда монтаждау және әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
ЖОБАЛАРДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ – ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУДЫҢ КЕПІЛІ:
Өңір басшысы өз сөзінде Түркістан қаласындағы әрбір жобаның тек құрылыс нысаны ғана емес, тұрғындардың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін фактор екенін атап өтті. Сол себепті барлық құрылыс жұмыстары уақытылы, сапалы және тұрғындардың пікірін ескере отырып жүзеге асырылуы тиіс. Әсіресе, әлеуметтік нысандар мен қоғамдық кеңістіктердің балаларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімділігі, экологиялық тазалығы, техникалық қауіпсіздігі бірінші кезекте қаралуы қажет.
Бүгінгі таңда Түркістан қаласында жүзеге асып жатқан жобалар – бұл тарих пен заманауи дамудың үйлесімді ұштасуының көрінісі. Қоғамдық кеңістіктерді жаңғырту, көлік инфрақұрылымын жақсарту, жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қала келбетін көркейту арқылы Түркістан өңірлік ғана емес, халықаралық деңгейдегі орталыққа айналып келеді.
Өңір басшысының тікелей бақылауының арқасында барлық жобалар уақытылы әрі сапалы орындалып, тұрғындар мен қала қонақтарының игілігіне қызмет ететін болады.