Бүгін Түркістанда 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні аталып өтті. «Бақытты бала- бақыттың бастауы» мерекелік іс-шарасына Түркістан қаласы әкімі Нұрбол Тұрашбеков пен Түркістан қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев қатысып, балалармен бірге көрме мен концерттік бағдарламаны тамашалады.
Балаларды қорғау күнінің атап өтілуі – олардың құқықтары қазіргі қоғамда қалай қорғалып жатқандығына назар аударудың басты себептерінің бірі болып табылады. Бұл дүниежүзіндегі балалардың өзекті мәселелерін шешуге арналған мүмкіндік болып саналады. Ал балалар үшін отбасымен қарсы алатын, естен кетпес естеліктерге толы мереке болып есте қалмақ.
Мерекелік күннің негізгі міндеті – Халықаралық конвенцияда бекітілген, балалар құқықтарын қоғамға тағы бір рет еске салу әрі оны насихаттау болып табылады. Олардың қатарына төмендегілер жатады:
— Өмір сүру құқығы. Балалар өмірі түрлі әскери қақтығыстардан, ауыр сырқаттардан, аштық пен кедейліктен қорғалуы тиіс.
— Лайықты өмір сүруге, тәрбие алуға, оқуға және физикалық әрі рухани тұрғыда дамуына тең құқылы болу.
Балалар құқығын қорғау күнінде сонымен бірге әлем бойынша балаларға қатысты шешілмеген, түйткілді мәселелерге назар аударып, оны шешу жолдарын ұсынуға баса мән беріледі. Мұндай өзекті мәселелердің қатарына мыналар жатады:
— Кей елдерде халықтың басым көпшілігі, оның ішінде балалар аштықтың зардабын шегеді.
— Балалар әскери қақтығыстардан, ЖИТС, ВИЧ-инфекциясы және өзге де күрделі аурулардан көз жұмады.
— Үшінші әлем елдерінде кәмелет жасына толмаған балаларды ауыр еңбекке салып, құлдыққа сатады.
— Оқу орындарының болмауы салдарынан кей балалар кейде тіпті бастауыш мектепте білім ала алмай жатады.
Көптеген дамыған елде теледидар, интернеттің теріс әсері сынды проблемалар да бар. Салдарынан жасөспірімдер арасында интернетке тәуелділік, жағымсыз әдеттерге деген қызығушылық артып келеді. Балалардың күйзелісі көп жағдайда психикалық ауытқушылықтарға, тіпті өз-өзіне қол жұмсауға әкеп соқтырып жатады. Бұдан бөлек олардың арасында шылым шегу, ішімдік ішу, есірткі сынды күрделі мәселелер белең алып келеді. Қазақстанда балалар құқығын қорғау конвенциясы 1994 жылы қабылданды. Олардың басты талаптары елдегі балалар құқығын қорғау жүйесінің негізіне айналды. Республикада балалардың құқығын барлық деңгейде қорғайтын мынадай заңдар қабылданды: ҚР Конституциясына сәйкес (27 бап) отбасы және балалар мемлекет қорғауында болады. «ҚР балалар құқығы туралы» Заңында балалардың өмірін және денсаулығын қорғау, олардың ар-ожданына қол сұқпау, қажетті өмір сүру деңгейі, білім алу, балалардың мүліктік құқығы, мемлекеттік көмек және демалыс, бос уақытын өткізу сынды құқықтары бекітілген. ҚР «Неке және отбасы туралы» кодексінде кәмелет жасына толмаған балалардың құқығын қорғау баптары енгізілген. Қазақстанда Білім және ғылым министрлігі жанынан Балалар құқығын қорғау комитеті құрылған. Ол аталған сала бойынша мемлекеттік саясатты жүзеге асырады.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың құқықтарын қорғау – мемлекет үшін басым міндеттердің бірі болып қала бермек. Биылғы маусым айында әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заң күшіне енді, онда балаларға жасаған зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдататын 70-тен астам түзетулер енгізілген.
Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдердің мәртебесі заңнамалық түрде бекітілді, сондай-ақ зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға көмек көрсететін арнайы бағдарлама қарастырылған. 18 психологиялық қолдау орталығы ашылды. Балалардың құқықтары бұзылған жағдайда жедел ден қою үшін ескертусіз жоспардан тыс тексеру мүмкіндігі енгізілді және балалардың құқықтарын қорғау саласындағы бақылау функциялары кеңейтілді, «111» байланыс орталығы іске қосылды.
Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғауға ерекше көңіл бөлінеді. Тәлімгерлік институты енгізіліп, қамқоршылық органдары қызметкерлерінің штаты 46%-ға ұлғайтылды. Қазіргі таңда олардың жалақысын 50%-ға арттыру мәселесі талқыланып жатыр.
Сондай-ақ білім беру ұйымдарында өртке қарсы және терроризмге қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз ету талаптары күшейтілді, атап айтсақ: дабыл түймелері, бейнебақылау жүйелері, турникеттер және лицензияланған күзет қарастырылған. Білім беру ұйымдары қауіпсіздік жүйелерімен алғаш рет барынша жарақтандырылды.
Мектеп балалар арасында азаматтық-патриоттық құндылықтарды қалыптастыруда шешуші рөл атқарады. Өткен жылғы қыркүйек айында Министрлік «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын қабылдады. Оның білім беру мекемелеріне енгізілуінің арқасында ата-аналар қауымдастығының белсенді қатысуымен 684 мыңнан астам іс-шара өткізілді.
«Менің бауырым», «Досболlike» секілді 22 ірі әлеуметтік жоба мен республикалық қозғалыстарды іске асыру, сондай-ақ түрлі челлендждер мен акциялар өткізу, ағаш отырғызу шаралары одан әрі жалғасуда.
Білім беру желісінің кадрлық әлеуетін дамытуға ерекше көңіл бөлінеді: 30 мың педагог біліктілікті арттырудың тегін курстарынан өтті, ал «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» бағдарламасының 109 түлегі мектеп директорлары болып тағайындалды. Басқарушылардың жаңа құрамын қалыптастыру жобасының табысты іске асырылып жатқаны айқын.
Этноауыл кешенінде өткен шарада балалардың қолданбалы өнер бағытындағы шығармашылық жұмыстарының жәрмеңкесі өтті.«Оқуға құштар мектеп — оқуға құштар бала » көрмесі және «Farab» кітапханасының балаларға арналған кітаптар көрмесі жасақталды.
Сондай-ақ қала басшысының балаларға арналған сый-сыяпаты табысталып, концерттік бағдарламамен өз жалғасын тапты.
Балалар – біздің болашағымыз, оларды желеп-жебеп жүру — қоғам қамқорлығының басты аспектісі. Бұл күн әр балаға қауіпсіз балалық шақ сыйлап, болашақта бақытты болып, табысқа жетуге көмектесетін білім, қамқорлық пен махаббатқа ие болу мүмкіндігін беру қажеттігі туралы есімізге салады. Біздің қоғам балалардың қауіпсіздігі мен амандығын бірінші орынға қойып, барлық қауіп-қатерден қорғау үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тиіс.