Түркістан облысында тұрғындарды баспанамен қамту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Бүгін Түркістан қаласында тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтағы азаматтарға 88 пәтер кілті табысталды. Тұрғындардың қуанышын бөлісуге Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды арнайы барып, пәтер иелеріне ізгі ниетін білдірді.
– Бүгін сіздермен ерекше қуанышты сәтте кездесіп тұрмыз. Өздеріңіз білесіздер, Түркістан облысы құрылып, Түркістан қаласының облыс орталығы атанғанына 6 жыл толды. Осы айтулы мереке аясында бүгінгі іс-шараны жоспарлаған болатынбыз. Бұл үйлерді кәсіпкерлер нарыққа сатамыз деп салған болатын. Біз бюджеттен қаржы тауып, кәсіпкерлермен келісіп, үйлердің бағасын төмендетіп, арнайы сатып алдық. Сөйтіп шаһардағы мұқтаж азаматтарға беру туралы шешім қабылдадық. Көріп тұрсыздар, үйлер мен ауласы өте ыңғайлы, әдемі. Айналасын таза ұстау өз қолдарыңызда. Мұндай үйлер қаламызда бұрын берілмеген. Сіздермен бірге өзіміз үй алғандай қуанып жатырмыз. Бұл жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тұрғындарды баспанамен қамту тапсырмасы аясында атқарылып отыр. Өңірімізде баспанамен қамту шаралары бірнеше бағыт бойынша жүргізілуде. Үйлі болғандар саны артуда. Солардың қатарында сіздер де бүгін баспанаға қол жеткізіп отырсыздар. Құтты болсын! Шаңырақтарыңыз берекелі әрі бақытқа, шаттыққа толы болсын! – деді Дархан Сатыбалды.
Элиталы болып саналатын үш қабатты «Яссауи» тұрғын үй кешенінің аумағында балалар ойын алаңшасы, көлік тұрағы бар және инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілген.
Облыс орталығында тұрғын үй кешендерінің құрылысы жалғасып жатыр. Қазіргі таңда қаладағы әкімшілік-іскерлік орталығында тағы 5 қабатты 20 тұрғын үйдің құрылысы қарқынды. Бұл үйлерге 2 мыңнан астам отбасы қоныстанады.
Биыл бюджет есебінен 41, жеке инвесторлар есебінен 24 көпқабатты тұрғын үй салу көзделген. Сонымен қатар осы жылы жалпы 191 үй салу жоспары бекітілді. Бүгінде 159 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оларды жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.
Жалпы, Түркістан қаласы халықты баспанамен қамту бағытында елімізде алдыңғы қатарда. Облыс орталығында соңғы 5 жылда тұрғын үй кезегінде тұрған 2558 азамат баспаналы болды. Жаңа шағынаудандар пайда болып, тозығы жеткен тұрғын үйлер ретке келтірілді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі