Түркістан қаласында салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтарды дәріптеген «Ене мен келін» сайысы өтті. Қалалық «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының» ұйымдастыруымен өткен шараға Түркістан, Кентау, Арыс қалалары мен Созақ ауданынан 6 отбасы қатысты.
Сайыстың мақсаты – еліміздегі әрбір шаңырақтың тату-тәтті, үлгілі болуын насихаттап, ене мен келін арасындағы ауызбіршілікті сақтауға үлес қосу. Жарасымды жанұяны анықтап, өнегелі отбасын көпке үлгі ету. Ұлттық салт-дәстүрімізге сай, ене мен келін шаңырақтың ұйытқысы мен берекесі екендігін ұғындыру.
Анасы мен қызындай сыйласқан қатысушылар ұмыт болып бара жатқан Құрсақ тойы, Қазанжарыс, Тымаққа салу, Қырқынан шығару, Тұмар, Айдар сияқты салт-дәстүрлерімізден көрініс көрсетіп, сөз шеберліктерін танытып мақал-мәтел айтудан жарысқа түсті. Сондай-ақ, шебер қолдарымен кесте тігіп, қолөнерден де кенде емес екендіктерін дәлелдеді. Ұлттық нақыштағы образда отбасылық өнер көрсетіп, сыйластығымен ерекшеленген қатысушылар арасынан жоғары ұпаймен жүлдеге ие болғандар марапатталып, сыйлықтар табысталды.
Соңғы кездері ене де, келін де отбасындағы өз орынын ұмытқан секілді. Дәл осы себептен келін мен ене арасындағы жанжалдың соңы көбіне отбасының күйреуіне әкеліп соғады.Тіпті ішкі сырын әлеуметтік желіге жайып салатын келіндердің сөзін көбіне өзге қыз-келіншектер қолдап жатады.
Айналамыздан көріп-естіп жүргеніміздей, екінің бірінің басында «адуынды ене» не болмаса «кесірлі келін» жайлы күрмеуі шешілмей жүрген түйткілдер бар.
Негізінде, көшіміздің түзеліп, ұлт болып ұйысуымызда ұрпақ тəрбиесінің маңызы зор. Осы орайда негізгі рөл атқаратын ене мен келіннің өзара қарым-қатынасының дұрыс болғаны жөн-ақ. Өйткені отбасының берекесін кіргізу де, тулақтай тоз-тозын шығару да олардың өз қолдарында. Егер ене мен келіннің керісі өз шешімін таппаса, шаңырағының берекесін қашырып, нәтижесінде отбасындағы жас өскіндердің психологиясына, сонымен қатар тәрбиесіне кері әсерін тигізбей қоймайды. Бұл өз кезегінде, желкілдеп өсіп келе жатқан ұрпақтың еңсесін түсіріп, олардың жасық, жалтақ болып қалыптасуына, бұрыс жолға бұрылып кетуіне итермелейді. Бұл ұлттық тәрбиеге жасалған қысастық, ауыр соққы екені айтпаса да түсінікті.
Кейде жап-жас, шымылдығы желбіреген келіндердің енесі туралы мұрнын тыжырып, жақтырмай сөйлеп отырғанын көріп, «бұл қаршадай келін енесінен не тақсірет тартып үлгерді екен сонша?» деген ойға қаласың. Жастайымыздан анамыздың «Үлкен үлкендігін жасағанда, кіші кішілігін жасау керек» деген сөзін санамызға сіңіріп өстік. Оның пайдасынан басқа зиянын көрген жоқпыз. Айтпағымыз, келіндер қауымы ененің айтқан сынын аналық қамқорлық деп қабылдап, Шәкәрімше айтқанда, біреудің мінін көргенше, жамандығын тергенше, өз ойын, өз бойын тазалап үйренген дұрыс. Енесіне деген ашу-ызаны іштей семіртпей, семдіріп, үлкен кісінің разылығын алғанда ғана келін келелі істерге аяқ баса алады.
Көпке топырақ шашудан аулақпыз, елімізде айрандай ұйып, мерейі тасыған отбасылар баршылық. Алайда, арамызда мəселені шешуші емес шиеленістіруші, бала-шағасын жеткізген əуелі Алла екенін ұмыт қалдырып, міндетсінетін енелер саны да артып келеді. Келінді «Отырса опақ, тұрса сопақ» етіп, түртпектің астына алып, баласының тілеуін тілеп отырар шақта шаңырағының шытынауына себепкер болып отырған аналарды көргенде көңілің құлазиды, іштей қынжыласың. Сондай жайтқа кезіккенде, елімізде мемлекет тарапынан «Келіндер мектебі» мен «Енелер институты» ашылу керек-ау деген ой қылаң береді. Расында да, ата-баба жолынан алшақтап бара жатқан біздің қоғамға арнайы мамандар жұмылдырылған орталықтар керек-ақ. Бойжетіп келе жатқан қыз баланың құлағына «алтын сырға» тағып, некелі өмірге дайындау, дəстүрлі отбасын насихаттау жұмыстары, аналарымызды дана болуға шақыру жұмыстары қолға алынатын кез келді. Себебі бұл мәселе жылдан-жылға күрделеніп, қойыртпаққа айналып келе жатыр.
отбасы құндылығы, тәрбиенің бастауы ең әуелі ене мен келіннен бастау алады. Өйткені ене мен келіннің тағдыры – бір. Әулеттегі ең жуық істес жандар. Бүгінгі келін ертең ене, ертеңгі келін, болашақ ене болып өмір жылжып ауысқан сайын, өз жолы мен сабақтастығын тауып жалғаса беретін үрдіс. Ене мен келін болмаса өмір жалғаспайды. Ел өшіп құриды. Бұл – табиғи заңдылық. Басқа отбасында тәрбиеленіп келген жас қыз-келін жаңа отбасына ойдағыдай сіңісіп кетуі оңай шаруа емес. Тек әр қазақ отбасының тәрбиесінде қыз жат жұрттық, барған жеріне «тастай батып, судай сіңсін» деген аталы сөз жасынан құлағына құйылып өскен қыз, келін болып келген жаңа ортасына «тас түскен жеріне ауыр», «маржан түссе маңдайымнан, тары түссе таңдайымнан» деп, бар ниетімен өзі босағасын келін болып аттаған үйдің ата- енесін, қайнағасын, жолдасын, қайнысын, қайынсіңлісін және туған-туыс, сол әулеттің ағайындарын құрметтейді.
Жаратылысынан жатжұрттық болатын қыз баланың тәрбиесі тал бесіктен басталып, оның мінсіз болып бой жетуіне ата-анасы тікелей атсалысады. Сондықтан қыз кезінде бәрі жақсы. Ал жаман қатын қайдан шығады? Келін болып, ақ босаға аттағаннан кейін оның жүріс-тұрысы, тәлім-тәрбиесі, жаман мен жақсы болуы ата-енесі, күйеуіне байланысты. Ата-анасынан дұрыс тәрбие алмаған қызды қайта тәрбиелеу мүмкін бе? Әрине. Жаңа оттың басына жаңа түскен келін иіліп сәлем салған алғашқы күннен бастап оның тәрбиесін енесі, одан кейін жолдасы қолына алып, өз отбасының ұйытқысына айналдыра алады. Бұл жерде қыз баласын затқа немесе ойыншыққа теңеу емес. Тұрмыс құрмаған қыздар бұл сөзімді жөнді түсінбеуі мүмкін, сірә. Бірақ, әуелден жарының аяулысы, ата-енесінің көзқуанышына айналған қыздың өзгеруі де әп-сәтте-ақ. Шаңырақтың берекесін молайтып, мерекесін келтіретін ене мен келін арасындағы қарым-қатынастың түзу қалыптасуы келіннің тәрбиесі мен оған деген сыйластығын арттыра түседі.
Жиында сөз алған облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов пен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлмайымбетов бүгінгі сайыстың маңызы жоғары екенін атап, отбасының бірлігі – Отанның беріктігі екеніне тоқталды. Қазыналы қариялар мазмұнды әңгімелерінде ел боламыз десек бесігімізді түзеп, жас ұрпаққа дұрыс тәлім-тәрбие беру қажеттігін айтып, әрбір шаңыраққа бақытты, берекелі ғұмыр тіледі.