• Пн. Июн 23rd, 2025
Популярные метки

ТҮРКІСТАН: ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАР БАҒАЛАНЫП, ТҰРҒЫНДАРМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Автор:admin

Июн 5, 2025
Spread the love

Мемлекет басшысының халықтың әл-ауқатын арттыру, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және жергілікті тұрғындармен ашық диалог орнату жөніндегі тапсырмасына сәйкес Түркістан облысында ауқымды жұмыстар жалғасуда. Осы мақсатта Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев жұмыс сапарымен Келес және Сарыағаш аудандарында болды. Іссапар аясында денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытындағы нысандарды аралап, тұрғындармен кездесті.
МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ – ХАЛЫҚҚА ТІКЕЛЕЙ ҚОЛЖЕТІМДІ БОЛУЫ ТИІС:
Іссапардың алғашқы нысандары – Жүзімдік дәрігерлік амбулаториясы мен Бесқұбыр бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсету ұйымы болды. Бұл мекемелердің құрылыс жұмыстары егжей-тегжейлі зерделеніп, облыс әкімінің орынбасары тиісті құрылыс сапасына, мерзіміне және халыққа пайдалануға беру кестесіне ерекше назар аударды.
Жаңа нысандар іске қосылғаннан кейін ауыл тұрғындарына тегін медициналық көмек көрсетілетін болады. Денсаулық сақтау саласындағы қызмет көрсету сапасы мен қолжетімділігі артып, шалғай ауыл тұрғындары үшін медициналық инфрақұрылым біршама жақсара түспек.
ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ӘЛЕУЕТ ЖӘНЕ ДАМУ МҮМКІНДІКТЕРІ:
Сапар барысында Бейсенбай Дәулетұлы өңірдің дамуына үлес қосып жүрген кәсіпкер Ж.Мелдешовпен кездесіп, инвестициялық жобаларды талқылады. Ауылдық жерлердегі кәсіпкерлік, әлеуметтік инфрақұрылым және денсаулық сақтау бағытындағы жобаларды бірлесе дамытуға қатысты нақты ұсыныстар ортаға салынды. Жергілікті билік инвесторларды барынша қолдауға дайын екенін білдірді.
КЕЛЕС АУДАНДЫҚ АУРУХАНАСЫ МЕН ФАП – ҚЫЗМЕТ САПАСЫ БАҚЫЛАУДА:
Облыс әкімінің орынбасары «Абай» Келес аудандық ауруханасында және «Жаңақоныс» фельдшерлік-акушерлік пунктінде болды. Медициналық мекемелердің жұмысын облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы А.Байдуалиев, облыстық жедел жәрдем станциясының басшысы Б.Мырзагелдиев, аудандық аурухананың бас дәрігері С.Исахова бірге талқылады.
Қызмет көрсету сапасы, науқастарға арналған жағдайлар, дәрігерлердің жүктемесі мен материалдық базасы қаралып, медициналық мекемені еркін таңдау құқығы бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бейсенбай Тәжібаев медицина саласында заң бұзушылықтарға жол бермеу қажеттігін ескертті.
БІЛІМ САЛАСЫ: №9 МАЙЛЫҚОЖА МЕКТЕБІ КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУДЕН ӨТУДЕ:
Сарыағаш ауданының Ынтымақ елді мекенінде орналасқан №9 Майлықожа мектебінде күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 1986 жылы салынған бұл білім ордасы 824 оқушыға арналған. Қазіргі таңда құрылыс облыстық бюджет есебінен жүргізілуде, 25 мамырда басталған жөндеу жұмыстары тамыз айының соңында толық аяқталады деп күтілуде.
Облыс әкімінің орынбасары мектептің құрылысымен танысып, құрылыс сапасын қатаң бақылауға алуды, балалардың қауіпсіздігі мен оқу жағдайының талапқа сай болуын қамтамасыз етуді тапсырды. Мердігер ұйымдарға құрылыс мерзімін бұзбай, сапалы әрі жауапкершілікпен орындау міндеттелді.
ОТБАСЫНЫ ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫ – ӘЛЕУМЕТТІК ТҰРАҚТЫЛЫҚ ҚАМҚОРЫНДА:
Келесі кезекте Келес ауданындағы Отбасын қолдау орталығының жұмысы сараланды. Бұл мекеме аз қамтылған, көпбалалы және мүгедектігі бар баласы бар отбасыларға жан-жақты кеңес беру, психологиялық қолдау, мемлекеттік көмектерге бағыттау және әлеуметтік бейімдеу бағытында жұмыс атқаруда.
2024 жылдың 1 маусымына дейін орталыққа 293 азамат жүгініп, 481 түрлі қызмет көрсетілген. Бұл көрсеткіштер – орталықтың жұмыс тиімділігі мен қоғамдағы маңызын айғақтайды. Ерекше атап өтерлігі, орталық халықпен тікелей байланысты нығайтып, оларға қажетті әлеуметтік көмектердің қолжетімді болуын қамтамасыз етуде.
ТҰРҒЫНДАРМЕН АШЫҚ ӘҢГІМЕ – СЕНІМ НЕГІЗІ:
Іссапар барысында облыс әкімінің орынбасары жергілікті тұрғындармен жүздесіп, оларды мазалап жүрген мәселелерді тыңдады. Халық тарапынан ауыз су, жол, денсаулық сақтау қызметі, білім беру және жұмыспен қамтуға байланысты бірқатар ұсыныс-тілектер айтылды.
Бейсенбай Тәжібаев барлық сұрақтарды сала жетекшілерімен бірге саралап, шешу жолдарын қарастырып, тиісті басқарма мен аудан әкімдіктеріне нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар әрбір мәселенің орындалу барысы облыс басшылығы тарапынан қатаң бақылауға алынатыны жеткізілді.
ӘЛЕУМЕТТІК МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР – НАҚТЫ ІС-ШАРАДА:
Бейсенбай Тәжібаевтың бұл сапары – Түркістан облысы әкімдігінің әлеуметтік саланы дамытудағы жүйелі жұмыстарының айғағы. Халықтың тұрмысын жақсарту, сапалы медициналық және білім беру қызметін қамтамасыз ету, отбасы институтын қолдау сынды бағыттарда нақты істер атқарылып жатыр.
Алдағы уақытта да облыс басшылығының инфрақұрылымды жетілдіру, инвестиция тарту, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету бағытындағы бастамалары жалғасатын болады.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика