Түркістан – ғасырлар қойнауынан жеткен ұлы мұра мен қазіргі заманның тоғысқан киелі мекені. Қазақстан Республикасының «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заңына сәйкес, шаһарды дамытудың басты қағидаларының бірі – оның тарихи-мәдени келбетін сақтай отырып, заманауи әрі ыңғайлы қалалық орта қалыптастыру. Осы мақсатта таяуда «Алатау медиа» орталығында өткен брифинг барысында «Түркістанның дизайн коды» таныстырылды.
Дизайн код – бұл қала кеңістігінің сапасын арттыруға бағытталған сәулет-көркемдік талаптардың кешені. Ол 8 тарау мен 118 тармақшадан тұрып, қала құрылысында бірыңғай стиль қалыптастыру мен тұрғындар үшін қолайлы орта жасаудың нақты жолдарын ұсынады. Құжатта жалпы ережелермен қатар, сәулет және қала құрылысына қойылатын талаптар, ғимараттардың қасбеттері, көше навигациясы мен жарықтандыру, сыртқы көрнекі ақпарат, көше жиһазы және қоршаулар сияқты бірқатар маңызды аспектілер қамтылған.
Мәдени мұраны сақтау – басым бағыт:
Түркістан – тарихи һәм рухани астана. Оның басты құндылығы – ғасырлар бойы сақталып келген мәдени-тарихи мұра. Қалада орналасқан Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Есім хан, Рабия Сұлтан Бегім кесенелері және басқа да ескерткіштер қазақ халқының рухани тарихының айнасы іспеттес. Дизайн код осы асыл мұраларды сақтап, олармен үйлесім тапқан жаңа кеңістіктер мен нысандар салуға жол ашады.
Мұраларды сақтау тек қана ескі ғимараттарды қорғаумен шектелмейді. Бұл – қала келбетіндегі тарихи реңкті сақтай отырып, жаңа құрылыстардың да сол сипатқа сай бейімделуін қамтамасыз ету. Жобада қолданылатын сәулет элементтері, материалдар, түстер палитрасы мен жарықтандыру жүйелері Түркістанның тарихи болмысына нұқсан келтірмей, оны заманауи тәсілдермен толықтырады.
Бірыңғай стиль және үйлесімді кеңістік:
Қалалық кеңістікте бейберекет салынған немесе әртүрлі стильдегі ғимараттар көзге оғаш көрінеді. Дизайн код бұл мәселенің алдын алып, ғимараттардың қасбеттеріне ортақ талаптар енгізуді көздейді. Соның ішінде, төбелердің формасы, қасбеттік материалдар мен түстер, терезе және есік ойықтарының өлшемі мен орналасуы, сондай-ақ сыртқы жарнама мен маңдайшаларға қойылатын талаптар нақтыланған.
Сонымен қатар, көше кеңістігін жаяу жүргіншілер үшін қауіпсіз әрі тартымды ету де басты назарда. Арнайы көше жиһаздары – орындықтар, жарық шамдары, қоқыс жәшіктері, көлеңкелік құрылымдар мен қоғамдық кеңістіктер де бірыңғай стильде жасалып, қаланың көркемдік бірлігін арттыруға бағытталады.
Қолжетімді және инклюзивті орта:
Жоба тек эстетикалық талаптармен шектелмей, барлық тұрғындар үшін қолайлы орта құру мәселесін де қамтиды. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі жандар мен қарттар үшін кедергісіз орта қалыптастыруға басымдық берілген. Тротуарлар мен қоғамдық кеңістіктерде арнайы пандустар мен тактильді жолақтардың қолданылуы, көше бағдаршамдары мен навигациялық жүйелердің қолжетімділігі – осының айғағы.
Технологиялық және экологиялық шешімдер:
Заманауи технологияларды енгізу – қалалық кеңістіктің дамуының ажырамас бөлігі. Түркістанның дизайн кодында энергия үнемдеуші жарықтандыру жүйелерін пайдалану, жауын суын жинау мен қайта қолдану жүйелері, көлеңке түсіретін жасыл желектерді көбейту, климатқа бейімделген құрылыс материалдарын таңдау секілді экологиялық аспектілерге де ерекше көңіл бөлінген.
Тұрғындар мен кәсіпкерлер үшін маңызы:
Брифинг барысында спикерлер Дизайн кодтың тек мемлекеттік органдар үшін ғана емес, қала тұрғындары мен кәсіпкерлері үшін де маңызды құжат екенін атап өтті. Бұл талаптарды сақтау – Түркістанның көркі мен үйлесіміне қосылған үлес ғана емес, сонымен қатар, туристер мен инвесторлар үшін тартымды орта қалыптастыру жолы. Яғни, бұл құжат әрбір кәсіпкер үшін бағыт-бағдар беретін, құрылыс немесе қайта жөндеу жұмыстарын жүргізуде ескеруге тиіс маңызды құралға айналып отыр.
Түркістанның дизайн коды – қала тарихын сақтай отырып, оның болашағына бағытталған маңызды қадам. Сәулет пен мәдениетті, эстетика мен қолжетімділікті, тарих пен заманауилықты ұштастырған бұл құжат Түркістанды нағыз ұлттық реңкі бар, заманауи талаптарға сай әрі адамға жайлы қала ретінде дамытуға жол ашады. Қаланың болашақ келбеті – осы код талаптарын дұрыс түсініп, ортақ жауапкершілікпен жүзеге асыруға байланысты.
