Қасиетті мекенге келген полиция генерал-майоры А.Сайтбеков қызметтік іссапарын Полиция департамент жанынан орнатылған ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімімен бастады. Айта кетсек, Тәуелсіздік жылдары Түркістан облысында қызметтік міндеттерін атқару кезінде 60-тан астам полиция қызметкері қаза тапқан. Олардың ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Жиналғандар жұлдызы ерте сөнген әріптестерін бір минут үнсіздікпен еске алды.
Одан соң ҚР ІІМ-нің орынбасары А.Сайтбеков департаменттің мәжіліс залында жеке құраммен кездесу өткізді. Мұнда ІІМ-нің орынбасары, Мемлекет басшысының 2-қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауы бойынша полиция тарапынан атқарылатын қызметтерге назар аударды. Ондағы тапсырмалар мен ұсыныстарды дер кезінде орындау керектігін жеткізді.
Жеке құрамның заң аясында адал қызмет етуін қатаң ескертіп, жұртқа жақын полиция қағидатына қалтқысыз қызмет етуге кеңес берді. Қылмыс пен құқық бұзушылықтарға жол бермеу бағытында жұмысты күшейтуді, сонымен қатар заң мен тәртіпті сақтауды тапсырды.
Бұл бойынша Түркістан облысы ПД бастығы Мұрат Қабденов, жедел шаралар уақтылы жүзеге асырылып, нәтижелі жұмыс атқарылатынын жеткізді.
Өз кезегінде жеке құрам қоғамдық қауіпсіздік пен тұрғындар тыныштығы үшін қарқынды қызмет етуге уәде етті. Сонымен қатар Айдар Мұталікұлы полицейлердің алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі, деп хабарлайды Түркістан облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасаған R-FACTOR.KZ.