• Вс. Ноя 24th, 2024
Популярные метки

ТҮРКІСТАН: ТҰРҒЫНДАРҒА ҚЫСТЫ КҮТПЕЙ, КӨМІРДІ ЕРТЕРЕК САТЫП АЛУ ҰСЫНЫЛДЫ

Автор:admin

Авг 1, 2023
Spread the love

 

Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбеков өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс тұрғындарын көмірді ертерек сатып алуға шақырды.

Спикердің айтуынша, облысқа жылыту маусымында көмірге деген сұраныстың жалпы көлемі – 1 021,3 мың тонна. Оның ішінде бюджеттік ұйымдардың автономды қазандықтарына көмір қажеттілігі – 140,2 мың тонна (26,9 мың тонна тасымалданған 19%), жылу беретін кәсіпорындар – 129,7 мың тонна (2,5 мың тонна тасымалданған 2%). Ал жеке тұрғындар қажеттілігі – 468,5 мың тонна болса, жылыжайлар қажеттілігі – 282,9 мың тонна (33,7 мың тонна тасымалданған 11%).

– Биылғы жылыту маусымына дайындық жұмысын үйлестіру мақсатында облыстық штаб құрылған. Бұл ретте, жұмыс кестесіне сәйкес ай сайын штаб отырысы өткізіліп жатыр. «ҚТЖ — Жүк тасымалы» АҚ-ң мәліметі бойынша, биылғы 1 мамыр мен 30 шілде аралығында облысқа 156,5 мың тонна көмір жеткізілді. Көмір вагондары тұрақты келіп жатыр. Шілде айында 34,9 мың тонна тасымалданды. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің 05.03.2023 жылғы №312 бұйрығымен энергетикалық қауіпсіздікті және көмір нарығының тұрақтылығын қамту үшін 6 ай мерзімге (26 қарашаға дейін) көмірді автомобильмен экспорттауға тыйым салынды. Жалпы коммуналдық-тұрмыстық көмір тасымалдаумен облыста 16 өңірлік оператор айналысады. Өңірлік операторлар аудан, қала әкімдіктерімен анықталған, — деді Руслан Орынбекұлы.

Басқарма басшысы өз сөзінде қазіргі уақытта тұрғындар және жылыжай шаруашылықтары тарапынан қажетті көмір көлемін сатып алу деңгейі төмен болып қалыптасып отырғанын атап өтті. Осы ретте көмір отынымен қазірден бастап, қамдану шараларына кірісу керектігін жеткізді.

– Себебі, күз-қыс айларында көмірге қажеттілік күрт өседі. Осының әсерінен делдардар тарапынан бағаны спекулиятивті түрде көтеріп жіберу қауіптері туындауы мүмкін. Облыс тұрғындарына айтарымыз, қыс маусымы басталмай тұрып қажетті көмір қорымен толыққанды қамданып алу қажет. Яғни, тұрғындарды өз өңірлеріндегі теміржол тұйықтарынан көмірді кезексіз сатып алуға шақырамыз. Өңірлік операторлардың ақпаратына сәйкес, қазір көмір сақтау қоймаларында 126,5 мың тонна көмір бар. Тек жергілікті көмір қоймаларынан көмірді сатып алып, жеткізу шараларын атқарса жеткілікті, — деді ол.

Талдауға сәйкес, Шұбаркөл көмірлерінің орта бағасы сапасына қарай тоннасы 15-20 мың теңгеге жетіп отыр, алшақ елді мекендерді жеткізу құнымен есептегенде көмір бағасы тоннасына 18-24 мың теңгеге дейін барады.

Қосымша ақпарат ретінде айта кетер болсақ, қазіргі жағдай бойынша көмір разрездерінен сатылатын көмір көлемінің 10% тауар биржасы арқылы сатылады. Қазіргі уақытта салалық министрлік тарапынан тауарлық биржа арқылы сатылатын көмір көлемін 50% дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

Одан бөлек, әр өңірге қажеттілік бойынша тауарлық биржаны бөлек өткізу мәселесі пысықталып жатыр. Бұл дегеніміз, облысқа өңірлік операторлар арқылы жеткізілетін көмір көлемі тиісінше 40% ұлғаяды, өңірлік оператор статусы маңыздылығы артады. Осы орайда, басқарма басшысы облыста көмір жеткізумен айналысып жүрген, алайда өңірлік оператор емес ұйымдарды оператор статусын алуға шақырды. Оның шарттары қарапайым. Тиісті аудан, қала әкімдіктеріне қажетті құжаттармен жүгіну қажет.

Брифингте Плалов Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Плалов облыстағы жылыжайларды көмірмен қамтамасыз ету туралы баяндады.

Жалпы, Түркістан облысында 1 517 гектарды құрайтын 3 366 бірлік жылыжай бар. Оның ішінде 87,2 гектар 26 бірлік өнеркәсіптік үлгідегі жылыжайлар және 1 429,8 гектар 3 503 бірлік фермерлік жылыжайлар. Жылыжайлардың негізгі бөлігі Сарыағаш ауданында – 812 га (54 %), Қазығұрт ауданында — 183 га (12 %), Келес ауданында – 106 га (7 %), Ордабасы ауданында – 101 га (7 %), Сайрам – 60 га (4 %) орналасқан.

Басқарма басшысының орынбасары атап өткендей, ҚР Сауда және интеграция министрлігі тарапынан 2023 жылдың 1 мамырда «Фермерлік жылыжайларға жалпы техникалық талаптарының мемлекеттік стандарты» бекітілген (СТ РК 3834-2023). Бұл өнеркәсіптік жылыжайлармен қатар, фермерлік жылыжайларды да субсидиялауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан жылыжайларда пайдаланылған электр энергиясы мен газ шығындары ішінара субсидиялау Қағидасы әзірленіп жатыр. Бюджеттік бағдарлама 2024 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі. Жылыжай шаруашылықтарын бір қолдан көмір отынымен қамтамасыз ету үшін, Сарыағаш ауданында «Zhylyzhai otyn» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылды. Сондай-ақ, Қазығұрт ауданында сыйымдылығы 30 мың тонна көмір сақтау орны әзірленіп жатыр («Тахир ата» ШҚ).

– Жүргізілген талдау жұмыстарына сәйкес, облыс аумағында көмір отынымен жылытылатын 575,4 гектар жылыжайға 282,9 мың тонна көмір қажеттілігі анықталып отыр. Бүгінгі күнге облысқа коммерциялық ұйымдардан 149 мың тонна көмір жеткізілді (19 500 тг.). Қазіргі таңда, Сарыағаш, Қазығұрт, Сайрам, Ордабасы ауданы тауар өндірушілері 33,7 мың тонна көмір отынын сатып алды. Биыл Астанада Сауда және интеграция министрлігі, жылыжай шаруашылықтары және көмір өндірушілермен өткізілген жұмыс отырысында 2024 жылдан бастап Шұбаркөл көмір АҚ арқылы арнайы жылыжай кешендеріне 150 мың тонна көмір отынымен қамтамасыз ету келісілді (босату бағасы ҚҚС-сыз 10 350,0 тг/тн (ҚҚС-мен 11 592,0 тг). Биыл жылыжай кешендерінен 116,2 мың тонна өнім өндіру көзделіп отыр. Бұл республика халқын маусымаралық кезеңде 40% қажеттілігін қамтамасыз етеді, — деді Әлібек Әбдіхалықұлы.

Келесі жылдан бастап мемлекеттік қолдаулар енгізілген жағдайда, барлық агротехнологиялар сақталып, қолда бар жылыжайлар тиімді пайдаланылып, толық циклді 2 айналымға шығады. Нәтижесінде, маусымаралық кезеңде республика халқын көкөніс өнімдерімен 100 % қамтамасыз етуге мүмкіндіктер ашылмақ.

Сондай-ақ брифингте сөз алған Түркістан қаласының көмір тасымалдаушы операторы Сүлеймен Арыстанов облыс тұрғындарына «қыстың қамын жаз ойла» дегендей, көмірді ертерек сатып алуға шақырды.

 

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика