Түркістан облысы Келес ауданында №44 Сырдария атындағы жалпы орта мектебінде Отан үшін еңбек етіп, қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан полиция майоры Есбаев Алдаберген Усенұлының атына «Полиция сыныбы» ашылды. Бұл Түркістан облысында ашылған 9-ыншы полиция сыныбы.
Сыныптың ашылу рәсіміне Түркістан облыстық полиция департаменті тәрбие және кадр жұмысы басқармасының орынбасары Ерлан Шамшат, аудан әкімінің орынбасары Дәурен Сариев, мектеп ұжымы мен Алдаберген Есбаев ағамыздың анасы мен бауырлары қатысты.
Жиында сөз алған полиция бастығы Мұрат Әбілханұлы өскелең ұрпаққа полиция мамандығының қоғамда алатын рөлі жайлы айта келіп, марқұм болған Есбаев Алдаберген ағамыз жайлы да жылы естеліктері мен лебіздерін айтып өтті.
Сондай-ақ шарада полиция сыныбының алғашқы мүшелері болған жоғары сынып оқушылары өз Отанының қорғаушысы болуға, қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытуға Ант берді. Ант беру рәсімінде 16 оқушыға «Жас сақшы» куәлігі табысталды, деп хабарлайды Түркістан облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасаған R-FACTOR.KZ.