ҚР ІІМ-нің М. Есболатов атындағы Алматы академиясы мен Түркістан облысы Полиция департаментінің қызметкерлері, (GIZ) Қазақстандағы Германияның халықаралық ынтымақтастық жөніндегі қоғамының қолдауымен маңызды шара өтті. «Полицияда бір күн» деп аталатын шараға облыс жастары қатысты.
Негізгі мақсат — полицияның жастармен тығыз ынтымақтастығы мен серіктестігін орнату арқылы құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
«Бүгінгі іс-шарамызға Түркістан облысының 35 жасөспірімі қатысты. Біз олардың көзінен болашаққа деген сенімді, полиция қызметіне деген оң көзқарасты көрдік. Оларға тәртіп сақшыларының күнделікті атқаратын жұмысын көрсеттік. Ой сергітетін тренинг ұйымдастырдық, жастарға ұнады. Айта кетейін бұл жоба еліміздің 11 облысында өтті. Бүгін жолымыз Түркістанға түсті»-деп атап өтті академияның Ғылыми-зерттеу және редакциялық-баспа жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің бастығы Жансерік Сапаров.
Полиция департаментінде ұйымдастырылған ұзақ мерзімді экскурсияда жергілікті колледж студенттері мен оқушыларға жедел басқару орталығының, криминалист-сарапшылардың және кинологиялық қызмет орталығының жұмысы көрсетілді. «102» дабыл желісіне қоңыраулар қалай түсетіні және тіркелетіні, түрлі сараптамалар қалай жүргізілетіні және қоғамдық тәртіпті сақтау қызметін атқаратын нарядтардың іс-қимылдары қалай үйлестірілетіні таныстырылды.
Сондай-ақ жастар Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ жауынгерлерінің қойылымы, қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін тамашалады. Қару-жарақ түрлерімен танысты. Полиция қызметкерлерімен экстремизмнің алдын алу, есірткіге төзбеушілік бойынша түсіндірмелер жүргізілді.
Іс-шара соңында мәжіліс залына жиналған жастар екі топқа бөлініп, тренингке қатысты. Капитандарын сайлап, логикалық жарыстарда белсенділік танытты. Соңында қатысушыларға сертификаттар табыс етілді. Сонымен қатар қонақтар үшін ҚР ІІМ жоғары оқу орындарына түсу ережелері түсіндіріліп, кәсіптік бағдар беру жұмыстары жүргізілді.
Өз кезегінде жас достарымыз полицияда өткен бір күн үшін, ашықтық үшін алғыстарын білдірді.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі