Түркістан облыстық Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында Түркістан қаласы әкімдігінің тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің қызметіне жүргізілген сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жұмыстарының қорытындысы талқыланды.
Жиынға облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басқарма басшысы, облыстық әкімдікке қарасты басқарма басшылары, Келес, Қазығұрт аудандарының әкімдері мен орынбасарлары, бөлім басшылары, облыстық/қалалық/аудандық Қоғамдық кеңес төрағалары мен мүшелері және БАҚ өкілдері қатысты.
Кеңес отырысын облыстық кеңес төрағасы Б.Жылқышиев ашып, жүргізіп отырды.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша талдау қорытындысын баяндаған Департаменттің Превенция басқармасының басшысы Ержан Жүнісов «7-20-25» бағдарламасымен ипотекалық тұрғын үйлерді сату, мемлекеттік қызмет көрсету, тұрғын үйге мұқтаждарды есепке алу, кезектілікті сақтау және тұрғын үйді жалдау шарттарының талаптарын сақтау салаларын зерделеу барысында бірқатар заңбұзушылықтардың анықталғанын мәлімдеді.
Сондай-ақ, мемлекеттік сатып алу процесінің ашықтығының сақталмауы мен мемлекеттік сатып алу туралы есепті орналастырмау фактілері туралы аталып өтілді.
Басқарма басшысы Ержан Әліұлының айтуынша, аталған бөлімде мемлекеттік қызмет көрсету мерзімін өрескел бұзу бойынша 103 дерек орын алғанын, тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу мен кезекте тұрғандардың тізімін жыл сайын түгендеу жұмыстарының жүргізілмеуі салдарынан ақпараттық жүйеде пәтер алған кейбір азаматтардың күні бүгінге дейін кезекте тұрғанын мәлімдеді.
Бұдан бөлек, талдау нәтижесімен кезектілікті сақтамау деректерінің орын алғандығын, яғни 2021-2022 жылдары тұрғын үйге мұқтаж азаматтар мен тұрғын үй алған азаматтардың тізімдері қалалық әкімдіктің ресми сайты мен жергілікті басылымдарда жарияланбағаны туралы баяндалды.
Бұл мәселені талқылау барысында тұрғын үй саласындағы жемқорлық тәуекелдерін ашық атап өтіп, оларды жою бойынша бірқатар ұсынымдар берді.