Түркістан облысы Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов Жылы су ауылдық округі, С.Сейфуллин елді мекенінде орналасқан «Төлеген» санаториясының емдік-сауықтыру шараларымен, 30 орындық қосымша ғимараттың құрылыс жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасаған r-factor.kz ақпараттық агенттігі.
1996 жылы аудандық аурухананың бөлімшесі ретінде жұмыс істеген мекеме 1999 жылы жекешелендіру кезінде «Төлеген санаториясы» ЖШС болып қайта құрылған. Алғашында айына 70 адамды, кейінірек 90 адамды қабылдайтын емдік-сауықтыру мекемесінің бүгінде қосымша ғимараты бой көтеріп жатыр.
Емдік-сауықтыру орталығында келушілер 12 түрлі дертке ем қабылдай алады. Ондағы минералды судың құрамы 14 элементтен тұрады. Жер астында 46°С ыстықта қайнап шыққан су 37 – 38°С-та қолданылады. Орталық 120 орынға арналған, айына 300-ден астам келушіні қабылдауға мүмкіндігі бар.