Биыл мемлекеттігіміздің символдарының қабылданғанына 32 жыл толды. 1992 жылдың басында мемлекеттік үш нышан – Ту, Елтаңба және Әнұранымызды таңдау үшін Жоғарғы кеңес президиумы жұмыс тобын құрып, арнаулы шығармашылық комиссия тағайындады.
4 маусым — Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні. Айтулы күнге орай, Түлкібас аудандық полиция бөлімінің бастығы Бектөре Сұлтановтың бастауымен жеке құрам салтанатты түрде сапқа тұрып, Мемлекеттік Туды көтеріп, еліміздің Әнұранын орындады.
Мемлекеттің рәміздері – оның егемендігі мен тәуелсіздігінің, халық пен билік бірлігінің айғағы. Олар мемлекеттілік идеясын, топтасу мен ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарға ұмтылуды білдіреді. Еліміздің мемлекеттік рәміздерінің мақсаты, бір жағынан мемлекет идеясының негізгі басымдықтарын қалыптастыру: тұтастық, тәуелсіздік, ел азаматтарының бірлігі, ал екінші жағынан ел азаматтарының бейбіт тату көршілікті жақтаушы ретіндегі бейнесін халықаралық деңгейде қалыптастыру болып табылады.
Ту — сол жағында алтын ұлттық ою-өрнек, ортасында алтын күн мен қалықтаған қыран сұлбасы бейнеленген көк ту бүгінде республикадағы барлық әкімшілік ғимараттарды безендіріп, егеменді Қазақстанның шет елдердегі елшіліктері ғимараттарының үстіне желбіреп тұр. Оған қоса БҰҰ ғимаратының жанына орнатылған. Қазіргі уақытта оны әркім республиканың еркіндігі, тәуелсіздігінің және егемендігінің символы ретінде қабылдайды. Тудың авторы – Шәкен Ниязбеков.
Тәуелсіз Қазақстанның Елтаңбасы – атақты екі сәулетші Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлихановтың орасан еңбегі мен үлкен шығармашылығының жемісі.
Елтаңбада «шаңырақ», пырақ, уық күн сәулесі бейнеленген. Елтаңбаның жоғарғы бөлігінде көне түркілердің киелі белгісі бес бұрышты жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар. Оның түсіне келсек, негізінен екі түс пайдаланылған: алтын және көк…