1-маусым «Халықаралық балалар күні» мерекесіне орай Түлкібас ауданының Мәдениет үйінде салтанатты шара өтті.
Бұл айтулы дата Әйелдердің халықаралық демократиялық федерациясының конгресінде 1949 жылы ресми түрде бекітілді. 1950 жылдан бері бүкіл әлем осы күнді балаға қамқорлық күні ретінде атап өтіп келеді.
Осы үрдістен Қазақстан да тыс қалған жоқ. Елде азаматтық қоғамның қалыптасуы жеделдеген сайын бала құқығын қорғауға деген жауапкершілік, балаға деген қамқорлық артып келеді.
Қазір елімізде Бала құқықтары жөніндегі уәкіл жұмыс істейді. Бұл лауазым иесінің тікелей Президентке бағынатыны бала құқығын қорғауға деген мемлекеттің ұстанымы қандай деңгейде екенін көрсетеді.
Қазақстанда бала мен әйелдің, жалпы адамның құқығын қорғайтын негізгі заңдардан бөлек, балаларға арналған ондаған заң мен нормативтік актілер қабылданған.
Шараға Түлкібас ауданының әкімі Н.Ізтілеуов, аудандық мүгедек балаларды оңалту орталығының бастығы Т.Тұрсынқұлова, Түлкібас аудандық полиция бөлімінің полиция инспекторы Н.Еламанов, учаскелік полиция инспекторлары А.Байжанисова, Г.Есенкулова, аудандық халыққа әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры М.Түгербаева қатысты.
Салтанатты жиында аудан өнерпаздарының және Түлкібас мүгедек балаларды оңалту орталығының мүмкіндігі шексіз балаларының қатысуымен концерттік қойылымдар қойылып, Түлкібас аудандық полиция бөлімінің жеке құрам қызметкерлері атынан балаларға сыйлықтар табысталды.
Сонымен қатар, жиын соңында Түлкібас ауданы халыққа әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры М.Түгербаева, аудандық полиция бөлімінің жеке құрам қызметкерлеріне өз алғысын білдіріп, қызметтеріне сәттілік тіледі.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі