Кентау қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» КММ-сі «Тілім-менің — тірлігімнің айғағы» атты «Қамқор» бөбекжай — бақшасының тіл үйренушілер арасында сайыс ұйымдастырды.
Мақсаты: Зайырлы, тәуелсіз, көпұлтты, берекелі еліміз, отанымыз Қазақстандағы өзге ұлт өкілдерімен достығымыз жарасып, алдағы уақытта да мемлекеттік тіліміздің көркейіп, кең етек жаю үшін және мәртебесі мен мерейін арттыру барысында табанды қызмет ету.
Тәуелсіздік алғалы бері қоғамдық қызу талқылаудың тақырыбына арналған басты мәселенің бірі — тіл мәртебесі. Тілі мен ділін ұмытқан ұлттың да болашағы бұлыңғыр екені анық. Әр халықтың басты байлығы, баға жетпес қазынасы — ана тілі. Қазақстан Республикасының негізгі тілі — мемлекеттік тілді, яғни қазақ тілін құрметтеу, оны білу — біздің әрқайсымыздың асыл парызымыз. Ана тіліне салғырт қарау — өз халқының өткеніне, бүгініне, болашағына немқұрайлы қарау деген сөз.
Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін 1993 жылғы Конституцияда бекітіп, 1997 жылы 11 шілдеде тәуелсіз Қазақстанның Тілдер туралы заңы қабылданды. Қазақтың тілі – қазақтың жаны. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал. Ал заманның ағымына қазақ тілін бейімдеу үшін латын қарпіне көшу қарқынды түрде жүзеге асып жатыр. Ендігі таңда қоғам алдында үлкен жауапкершілік тұр. Себебі бұл тұрғыда әрбір азамат мінез танытып, үлес қосуы маңызды.
Қазақ тілі тек қазақ халқының тілі емес, мемлекеттік тіл – ортақ тіліміз. Қазақстанда тұратын, оны Отаным деп қабылдайтын, өзін Қазақстанның патриоты деп есептейтін әрбір азаматтардың тілі. Тіл мәртебесі – ел мерейі. Тілсіз халықтың, елдің өмір сүруі мүмкін емес.
Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл қазақ тілін дамыту,оның қолдану аясын кеңейту, дамуы мен жетілуіне жан-жақты қамқор жасау бүгінгі күн тәртібінен түспейтін маңызды мәселелердің бірі. Осындай мемлекеттік маңызды мәселені жүзеге асыру үшін арнайы қабылдаған бағдарлама мен іс-шараларды тұрақты түрде жүргізу, күнделікті жұмыс барысында мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеру бәрімізге ортақ міндет.