Бүгін Қазығұрт аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері «Киелі мекен» тақырыбында сенбілік өткізді.
Өздеріңізге белгілі, өткен аптадан бері «Таза Қазақстан» акциясы аясында әр аптаның сенбі күні түрлі тақырыпта санитарлық күн белгіленген. Осы бағытта полицейлер таңертеңгісін тазалық жұмыстарын жүргізді. Өздеріне белгіленген орындардан құрғақ жапырақтар мен ұсақ қоқыстарды жинап, ағаштардың айналасын тазартып, жиектерді ақтады.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен республика бойынша «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бес аптаға созылады. Әр аптаның өзіндік тақырыбы мен нақты мақсаты болмақ.
«Таза өлке». Бірінші аптада елді мекендердің тұрғындары, қоғам қайраткерлері, ұйымдардың қызметкерлері өз аумағындағы аулаларды тазалайды.
«Киелі мекен». Екінші апта тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыруға арналады.
«Жасыл аймақ». Үшінші аптада көшет отырғызу, ағаштарды әктеу жұмыстары жүргізіледі.
«Өнегелі ұрпақ». Акцияның төртінші аптасында ардагерлердің аулалары мен қарттар үйінің аумағын тазалау, абаттандыру көзделеді.
«Мөлдір бұлақ». Акцияның қорытынды, бесінші аптасында өзендер мен көлдер қоқыстан тазартылады.
Полиция қызметкерлері өз жұмыс орындарынан бөлек, іргелес аумақты абаттандыруды дәстүрге айналдырған. Ал қоршаған ортаның ұдайы таза болуы, тұрғындарға жағымды әсер ететіні анық.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі