Абай ауданы аумағында орналасқан жерасты өткелдеріндегі санитарлық тазалық жұмыстары «Абай» КММ-і тарапынан күнделікті күндізгі және түнгі кезекшілік бойынша атқарылады, деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған R-FACTOR.KZ.
Айта кетейік, ауданға қарасты 6 жерасты өткелі бар. Атап айтсақ, А-2 айналма жолы, Жиделібайсын көшесі, Темірлан тас жолы Алаш базары алдындағы және Бекжан базары маңында, сонымен қатар, Төлеметов және Бәйдібек би көшелерінде орналасқан.
Жалпы қаланың келбеті сәулетті үйлермен, жасыл саябақтармен шектелмейді. Қаланың ажары оның тазалығына да байланысты. Сондықтан, акция аясында бұл бағыттағы жұмыстар аудандағы елдімекендер мен көпқабатты тұрғын үйлер аулаларында кестеге сәйкес жүргізілуде.
Шымкент қаласындағы Қошқар ата өзенінің жағалауында санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілді. Тұран ауданының коммуналдық мекемесінің қызметкерлері мен аудан тұрғындары және «Жасыл ел» еңбекші жастары қатысты.
Қаланың орталығын кесіп өтетін Қошқар ата өзені қала тұрғындарының бір сәт демалуына таптырмас орын. Алайда кейбір жеке сектор аймақтарында өзен бойында тазалық жұмыстары сын көтермей отырғаны жасырын емес. Сондықтан, акцияға тұрғындарды шақыра отырып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде жолға қойылған.
Іс-шарада Кремлевская көшесінен Абай көшесіне дейінгі өзен бойындағы түрлі қоқыстарды, қураған ағаштар қырқу, шөптерді ору және өзеннің суымен жиналған түрлі қалдықтарды тазалап, су көздерін ашу жұмыстары атқарылды.
Тазалық жұмыстарына 10-нан астам техника мен 100-ге жуық маман жұмылдырылды. Акцияға қатысқандар қаламыздың тазалығы басты назарда екенін, оған әрбір қала тұрғындары белсене атсалысуы қажет екенін жеткізді.