• Пн. Ноя 25th, 2024
Популярные метки

Сот жүйесінің ілгері қадамы

Автор:admin

Авг 20, 2023
Spread the love

Биылғы наурыз айында Мемлекет басшысы сот жүйесі мен судьялар мәртебесіне өзгеріс енгізуді көздейтін Конституциялық заңға қол қойғаны мәлім. Сот төрелігіндегі реформалар Алматының заң қызметкерлеріне қалай әсер етті әрі мегаполис тұрғындары әділет саласының өкілдеріне қаншалықты сенім артады?
Президент Жолдауда судья­лар корпусын жаңарту, сот билігінің беделін арттыру, оған қоғам тарапынан сенім арту үшін сот жүйесін жаңғыртудың негізгі бағыттарын айқындады. Қойылған міндеттерді іске асыру үшін сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы Заңға және сот жүйесін реформалауға бағыт­­талған бірқатар басқа заң­­ға түзетулер енгізілді. Осы­лай­ша,­ судьялардың өздері сот төраға­ларының лауазымдарына кандидатураларды сайлау тетігі, Жоғарғы Сот судьяларын сайлаудағы балама тәсілдер қолданысқа енді.
«Жоғарғы Сот судьяларын Сенат баламалы негізде, кем дегенде екі судьядан сайлай алады. Президент бастамасымен білікті заңгерлердің судьялар корпусын күшейтуі, судьялыққа кандидаттарды даярлау, қазіргі судьялардың біліктілігін арттыру, шекті жасты ұзарту, жұмыс істеп тұрған судьялардың өкілеттіктерін тоқтата тұру және тоқтату мәселелері қаралатын дербес мемлекеттік орган ретінде Жоғары Сот Кеңесінің мәртебесін нығайту көзделген. Жоғары Сот Кеңесінің қарамағына сот төрелігі Академиясы берілді. Бұл – судьялардың қызметіне араласуды шектеп, оларға артылатын жауапкершілікті де күшейтеді. Сот төрешісінің әрбір шешімі заңға қайшы келмеуге тиіс. Мұның бәрі жіті бақыланады. Заңдылықты өрескел бұзудың әрбір фактісін тексере отырып, шаралар іске асырылып жатыр», дейді Алматы қалалық сотының судьясы Ирина Федотова.
Заңнамадағы өзгерістер әкім­шілік Әділет саласының ауқымын кеңейтуге, мемлекеттік органдарға қатысты құқықтық даулардың ашықтығын қамта­масыз етуге әсер етпек. Судья Руслан Баишев сот жүйесінде жүргізіліп жатқан тың реформалар азаматтар сенімін нығайтып, сала мамандарының біліктілігін арттыруға серпін береінін айтады.
«Апелляция институтын рефор­малауға ерекше назар ауда­­­­рылды, оның нәтижесі апел­­­ляциялық инстанцияның бірін­ші сатыға қайтарылмай, мәні бойынша шешім шығару міндеті болды. Бұл – судьялық қателіктердің санын азайтуға, сот актілерінің сапасын арттыруға, сот практикасының біркелкілігін қамтамасыз етуге, нәтижесінде, азаматтар мен кәсіпкерлердің бұзылған құқықтарын тезірек қалпына келтіруге тиіс. Барлық өзгеріс пен толықтыру біз көріп отырған қажеттілік. Қоғам сот жүйесінен жаңа ақпараттық технологияларға сәйкес дамуды талап етеді. Сот жүйесі тек қағаз жүзінде ғана емес, сонымен бірге іс жүзінде де тәуелсіз болуы керек. Бұл – әділетті қоғам қалыптастырудың бас­тау бұлағы. Жұмыс барысына барлық инновация енгізіліп, әр іс жіті зерделенуін біздің судьялар қалтқысыз қадағалайтын болады», дейді ол.
Өзгерістер арасында аудан­дық­ соттарды ауданаралық сот­­тарға біріктіру мәселесі қарас­тырылған. Ендігі жерде аудандық сот төрағасының лауазымы жойылып, судьялық лауазымға ауыстырылатын болады. Ал судьяларға қатысты тәртіптік істерді қарау үшін Жоғары Сот Кеңесінің жанынан Сот төрелігі құрылмақ.
Азаматтардың құқықтық сауат­­­­­тылығын арттыру – маңыз­ды­­ міндет. Мегаполисте осы ба­ғытта бірқатар бастама қолға алынған. Мемлекеттік қолдау аясында азаматтардың кейбір санатына заңгер көмегі тегін көрсетіледі. Мәселен өткен жылы 14 500 алматылық білікті маман­дардың мемлекет кепілдік берген ақысыз көмегіне жүгінген.
– Қандай да бір құқықтық кедергі туындай қалса, адвокат көмегіне жүгіну тәуір қаржыны талап етеді. Мемлекеттік қол­дау аясында азаматтардың кей­бір санатына заңгер көмегі тегін көрсетілетінін көп­ші­лік­­ біле бермеуі мүмкін. Аза­маттар адво­каттар мен нота­риус­тар­дың, сон­дай-ақ жеке сот орын­­­дау­шылардың көме­гін­ – алимент,­ зейнетақы мен­ жәрдемақы өндіріп алу, оңал­ту,­ босқын немесе­ кан­дас мәр­т­­­­е­­бесін алу, ата-ана­сы­ның қам­қор­лығынсыз қал­ған­ кәмелетке толмағандар, жыныс­тық зорлық-зомбылық құрбандары, адам саудасына, еңбекпен байланыс­ты денсаулығына келтірілген зиянның немесе қылмыстық құқық бұзушылықтың салдарынан келтірілген шығынды өтеу мәселелері бойынша тегін ала алады. Тиісті қолдау Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушыларға, сондай-ақ­ соғысқа қатысушыларға теңес­ті­рілген адамдарға, басқа мемлекеттер аумағындағы соғыс қимылдарына қатысушыларға, әскери қыз­мет­шілерге, бірінші және екінші топтағы мүгедектерге, зейнет жасындағы азаматтарға, кәсiпкерлiк қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша көпбалалы отбасыларға, аз қамтылған тұлғаларға да көрсетіледі, – дейді Алматы қала­лық Әділет департаменті бас­шы­сының орынбасары Берікбол Сәменов.
Әр аймақта азаматтардың мұң-мұқтажына жауап беретін арнаулы орталықтар бар. Айталық, алматылықтар құқықтық кеңес алу үшін қалалық адвокаттар алқасына келуі қажет. Қазіргі уақытта қалада 15 заң консультациясы жұмыс істеп тұр. Олардың мекенжайларымен Алматы қаласы Әділет департаментінің ресми сайты арқылы немесе 119 және 1414 құқықтық-ақпараттық қызмет нөміріне қоңырау шалу арқылы білуге болады. Сонымен қатар аталған қызмет бүкіл ел аумағы бойынша телефон байланысы арқылы да жүзеге асады.
Мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету жүйесіне қатысатын адвокаттардың тізімі жыл сайын мерзімді басылымдарда жарияланып отырады. Алматыда бұл іске 336 адвокат жұмылдырылған. Шаһарда халыққа кепілдендірілген мем­ле­кеттік заң көмегін көрсету үшін биыл 250 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. «Адвокаттар көрсеткен қызметі әкімшілік және азаматтық сипатта болса, жұмысының бір сағаты үшін 0,56 АЕК көлемінде, ауыр қыл­мыс­тық іске араласса, 0,76 АЕК дәре­же­сін­де мемлекеттен ақы алады», дейді мамандар.
Әділет өкілі атап өткендей, адвокат, нотариус, жеке сот орындаушылар қызметін жоғарыдағы санатқа кіретін әрбір азамат тұрғылықты жері мен орналасқан жеріне қарамастан ел аумағында пайдалануға құқылы.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика