Бүгін «Достық үйі» ғимаратында қалалық ҚХА және славян этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен славян жазуы мен мәдениеті күні мерекесі атап өтілді.
Қазақстан этномәдени кеңістігіндегі славян тілдерінің алуан қырлы қызметі мен оларды сақтап қалу мәселелері жөнінде пікір алмасу, орыс және өзге де славян тілдерін оқыту бағытындағы жинақталған тәжірибелермен алмасу, ғасырлар тоғысындағы славян және түркі халықтарының өзара тығыз қарым-қатынастарының жолдары мен құндылықтарын талқылау.
Славяндар мен түркілердің көне дәуірде, өте ертеде тіл жағынан байланысты болғанын поляк тарихшысы және этнографы К.Мошинскийдің ғылыми жорамалынан да байқауға болады. К.Мошинскийдің айтуынша, б.з.д. VII-V ғ.ғ. славяндар Азияның бір жерінде өмір сүрген, шығыста олардың көршілері түркі тілдес халықтар, батысында – угорлар, оңтүстігінде скифтер болған. Олжас Сүлейменов айтқандай, көптеген еуропа халықтарының тілдері түркі тілдеріндегі қолданудан ертеде шығып қалған түркі сөздерін тамаша сақтайтын орны болып саналады екен. Мәселен: утро, явь, ярко, осень, весна, буран, пурга, ураган, туман, овраг, бархан, капкан, собака, коза, кабан, волк, барс, барсук, шакал, суслик, саранча, беркут, осина, сено, пшено, табун, косяк, лошадь, карий, чубарый, саврасый, алый, багровый, башка, коса, кулак, кукиш, кадык, щека, рот, уста, ус, темя, кишка, грязь, кирпич, язва және т.б. көне түркі сөздері өте ертеде үнді-еуропа халықтарының, соның ішінде славяндардың сөздік қорына кіргені талас тудырмайды.
Іс-шараға түрлі этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен және қала тұрғындарымен қатар, мектептердің орыс тілі пәнінің олимпиада жүлдегерлері, сондай-ақ дін өкілдері қатысты.
Мереке «Еркетай» би тобының қазақ биімен ашылды.
Іс-шарада қалалық славян этномәдени бірлестігінің төрайымы Н.Романова мен Қазан Құдай Ана Иконасы храмының діни қызметкері А.Корелевский сөз сөйлеп, қатысушыларды мерекемен құттықтады. Сонымен бірге олардың тарапынан славян жазуының тарихы мен маңызы туралы жан-жақты сөз болды.
Шараға қатысушылар сондай-ақ, арнайы дайындаған қолөнер бұйымдарының көрмесін тамашалады.